Сенат Төрағасы қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құрметті достар!
Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік егемендік туралы декларация – дербестігімізді айғақтаған және тәуелсіздігіміздің құқықтық негізін қалаған аса маңызды құжат. Елдік пен еркіндік жолында тарихи шешім қабылданған күнді ұлттық мерекеге айналдыру – отаншылдық рухымызды асқақтатар ұтымды қадам. Алдағы уақытта бұл күннің қадір-қасиеті одан әрі артып, азаттығымызды айшықтайтын нағыз жалпыхалықтық мереке боларына ешқандай күмәніміз жоқ.
Бүгін айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде көк туымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, бұл – ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды шара. Әрдайым осылай көк байрағымыз көгімізде желбіреп, егемендігіміз нығая берсін! Баршаңызды құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақ-береке, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін! Еңселі елдіктің мәні мен маңызын арттыра түсетін ұлттық мерекеміз құтты болсын!» деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.