25 қазан - Егемендік декларациясы қабылданған күн, осы арқылы тәуелсіз Қазақ елі атанудың заңдық-құқықтық мүмкіндік аясы кеңіді, дейді Нұрлан Оразалин.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің айтуынша, халықтың 40 пайызына да жетпейтін ұлт өз декларациясын мойындата отырып, тәуелсіз ел болуға бастайтын мемлекеттік маңызды құжатты заңдастырды.
"Өз жерінде отырса да ұлттың саны 40% айналасында болып қалған қазақ халқының қалған 60%-ды көндіріп, Егемендік туралы Декларацияны қабылдауы күрделі процесс еді. Декларацияны үлкен тайталаспен, саяси күреспен қабылдады. Ұлттық ұстанымы берік, интелектісі жоғары, халықтың қамын ойлаған, қоғамдық ұйымдардан сайланған депутаттарымыздың көрегенділігінің, білімінің, саяси ұстамдылығының арқасында осы республиканы мекен еткен өзгелердің бәрін мойындатты, бір ел екенімізге көз жеткізді, тәуелсіз ел болуға бастайтын мемлекеттік маңызды құжатты заңдастырды. Ол уақытта күнара Мәскеуге есеп беріп тұратын министрліктер де болған. Олар біздің республикаға емес, Орталыққа тікелей бағынатын. Осы Декларацияның қабылдануы біздің барлық құзырлы органдарды Орталыққа емес, республикамызға бағынышты қылды. Осылайша тамыры тереңге кетіп, енді жіберместей болды деген империяның құрсауы әлсіреп, тәуелсіз Қазақ елі атанудың заңдық-құқықтық мүмкіндік аясы кеңіді. Әйтпесе мұндай империядан Республиканың бөлініп шығуға толық құқығы бар деген сөздің өзіне көпшіліктің көзін жеткізу оңайға соқпап еді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары қабылдаған Егемендік туралы Декларация Тәуелсіздікке бастады", - деді ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.