Тәуелсіздіктің қадірін бүгінгі ұрпақ қалай түсінеді – жас алматылықтар көзімен

12.10.2021 19:26

Егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында Almaty.tv тілшісі шаһар тұрғындарымен тілдесіп қайтқан еді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – ата-баба аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін мәлім ететін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл аз уақыт болғанымен, халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік! Еркіндікті бағалайтын мына дүниеде бұдан асқан асыл сөз бар ма екен?! Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін бүгінгінің буыны мен өскелең ұрпақ қалай түсінеді? Егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында шаһар тұрғындарымен тілдесіп қайтқан едік.

БЛИЦ:

ҚР Тәуелсіздігін қай жылы және қай күні жариялады?

– 1991 жыл 16 желтоқсан.

Тәуелсіздік несімен қымбат?

Тәуелсіздік – мемлекетіміздің мақтанышы.

– Тәуелсіздік бізге еркіндік берді. Ең бастысы, адамның жеке өмір сүруіне, бір-бірімізге деген достық қарым-қатынас. Айтарлықтай үлкен дүние берді.

– Біздің ата-бабаларымыз тәуелсіз ел болу үшін қан төкті. Сол үмітті ақтау үшін қолдан келгенді аянбауымыз қажет.

Шет тілдерін оқуға мүмкіндік қандай?

– Шет тілдерін, ағылшын, француз, неміс т.б. тілдерді еркін оқимыз. Болашақта басқа елге оқуға, тәжірибе жинауға көмектеседі.

– Мүмкіндік қазір көп. Мысалы, ағылшын тілін, неміс тілдерін үйренуге көп мүмкіндік берді.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік бола беру үшін қазіргі жастар не істеуі керек? Көпті көрген адам ретінде пікіріңіз?

– Жастарымыз білімді болуы керек. Көп оқуы керек. Өткен тарихты білуі керек. Тарихты оқуы керек. Түйсіктеріне түюі керек.

«30 жылдық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстан менің өмірлік мақсаттарымның орындалуына мүмкіндік берді. Мен Тәуелсіз елімізде аянбай тер төккен азаматтың болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін», – деді Алатау ауданы әкімі аппаратының басшысы Әнуар Әскербеков.

Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің басты күші. Тәуелсіз елдің қызы – өжет, ұлы – қайратты, халқы – қаһарман. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі де – Тәуелсіздік!

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы