Сайыстың алғашқы күнінен-ақ еліміздің әр өңірінен келген жас өнерпаздар өзара бақ сынады
Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында дәстүрлі орындаушылардың республикалық «Көшпенділер әуені» байқауы бастау алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сайыстың алғашқы күнінен-ақ еліміздің әр өңірінен келген жас өнерпаздар өзара бақ сынады. Олар 3 номинация бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтап, қазылар алқасының әділ бағасын алды.
«Өңірден, музыкалық колледждерден 70-тен аса қатысушылар келіп, өз өнерін көрсетеді. Олардың ішінде домбырашылар, қобызшылар, прима қобызшылар бар. Соған қарап әділқазы алқалары, құрметті ұстаздар тиісті бағасын береді», – деді П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев.
Осымен 5-рет өтіп жатқан байқау 2017 жылдан бері ұйымдастырылып, жас өнерпаздар үшін басты жарыстардың біріне айналды. Ал бүгін биылғы доданың ашылу салтанаты өтіп, мәдениет саласының майталмандары жүрек жарды лебіздерін жеткізді.
Айта кетсек, жарыс қорытындысында әр номинация бойынша анықталған үздіктер дипломмен қатар, ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
«Қылқобыз номинациясына Қорқыт бабамыздың аты қойылыпты. Домбырашылар номинациясына Құрманғазының есімі қойылған. Осы тұсы маған қатты ұнады. Әр номинацияға өнер қайраткерлерінің есімін берген. Менің ойымша, бұл – өте құптарлық іс», – деді қазылар алқасының төрайымы Меруерт Қаленбаева.