Жинақ тарихшы-ғалымдар мен студент, магистрлерге, зерттеушілерге арналған
"ХІІІ ғасырға тән ақша түрлері" атты каталог жарыққа шықты. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарыққа шығарған жинаққа музей қорында сақталған ХІІІ ғасырға тән ақша түрлері енгізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жинақ тарихшы-ғалымдар мен студент, магистрлерге, зерттеушілерге арналған.
Тұңғыш рет жарық көрген кітаптың лентасын тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Марат Қымызұлы мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев, нумизматика саласының білікті маманы Толқын Жолдасов қиып, оқырман қауымды құттықтады.
Кітапта Түркістан оазисі ескерткіштерінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде және жекелеген адамдар тарапынан музей қорыларына өткізген тиындар мен көмбелердегі ХІІІ ғасырда соғылған ақша түрлері жайлы толыққанды мәлімет берілген.
Қазақстан музейлерінде қордаланған нумизматикалық жәдігерлерге зерттеу жұмыстарын жүргізу ісі әлі күнге толыққанды қолға алынбай отыр. Тек, соңғы жылдары ғана музей қорларындағы нумизматикалық материалдар тұрғысында жүргізілген еңбектерден ресейлік нумизмат-ғалым П.Н.Петровтың ІІ томдық "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық Музейі қорындағы XIV ғасырдың бірінші ширегіндегі шағатай монеталарының Алматы көмбесі" атты каталогтық жинақты ғана айтуға болады.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорында 14 мыңнан астам сақтам қор жинақталған.