Бүгін – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп түсуде, деп жазады Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресей Президенті Владимир Путин өзінің жеделхатында Мемлекет басшысын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және басқа да көптеген саладағы қол жеткізген табыстарын атап өткен. Ресей Президенті еліміздің әлемдік аренадағы жоғары беделіне ерекше тоқталған.
«Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келеді. Түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарымыз өз нәтижесін беруде. Бірлескен күш-жігер арқылы біз достас халықтарымыздың игілігі жолында, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстарды дәйекті түрде дамытатынымызға сенімдімін», – делінген Владимир Путиннің жеделхатында.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтауында Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан мемлекеттің мүлде жаңа келбетін қалыптастырғанын, әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін нық қадам басып келе жатқанын жазған.
«Мен Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының дамуына ерекше мән беремін. Сізбен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтуға, екі елдің стратегияларын ұштастыруға, мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарды екі мемлекеттің және олардың халықтарының игілігі үшін жаңа деңгейге көтеруге дайынмын», – делінген жеделхатта.
АҚШ Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстанның Орталық Азияда және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және оны өркендету жолындағы отыз жылдық көшбасшылығын атап өту мерекесіне тілектестік білдірді.
«Құрама Штаттары Қазақстанмен арадағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, аймақтық тұрақтылыққа үлес қосу мақсатымен ынтымақтастықты дамытуға, климаттық дағдарысты еңсеруге, демократиялық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған ықпалдастықты ілгерілетуге ниетті», – делінген Америка басшысының жеделхатында.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанда жүргізіліп жатқан жүйелі әрі ауқымды реформаларды, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған аймақтық және жаһандық маңызы бар бастамаларды жоғары бағалады.
«Осынау зор жетістіктерге Мемлекет басшысы ретінде Сіздің тиімді қызметіңіз бен бай тәжірибеңізге сүйене отырып жүргізген салиқалы саясатыңыз негіз болды. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын салтанатты түрде атап өтіп жатқан Қазақстан халқының қуанышына бүкіл Өзбекстан халқы шынайы түрде ортақтасатынын айтқым келеді», – делінген жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров еліміздің Тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы, сондай-ақ сыртқы саясаттағы қол жеткізген керемет жетістіктері мен ауқымды реформаларының арқасында әлемдік қоғамдастықта салмақты орынға ие болғанын атап өткен.
«Тарихи берік достық байланыстарға негізделген қырғыз-қазақ қатынастары алдағы уақытта да халықтарымыздың мүддесі үшін нығайып дами беретініне сенімдімін. Қазіргі уақытта қарым-қатынастарымыз одақтастық және стратегиялық серіктестік рухына толық сай келеді. Біз өзара күш жұмылдыра отырып, барлық қол жеткізілген уағдаластықтарды, барлық бағыт бойынша алға қойған мақсат-міндеттерімізді жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – делінген Қырғызстан Президентінің жеделхатында.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз құттықтауында Қазақстанның саясатта, экономикада және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін және әлемдік аренада алға қарай нық қадам басып келе жатқанын атап өткен.
«Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, достық және өзара түсіністік қағидаттарына негізделген бауырластық қатынастар халықтарымыздың жарқын болашағы жолында қарқынды дами беретініне сенімдімін», – делінген Түрікменстан Президентінің құттықтауында.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның мемлекеттілікті қалыптастырудағы, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму ісіндегі жетістіктерін, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаған.
«Біз Тәжікстан мен Қазақстанның стратегиялық серіктестігін нығайтуға және көпғасырлық достық арқауын жан-жақты бекемдеуге, мемлекеттеріміз арасындағы өзара түсіністік пен қолдауға баса мән береміз. Біз күш жұмылдыра отырып, халықтарымыздың игілігі үшін екі елдің көпжоспарлы мемлекетаралық ынтымақтастығын ілгерілете беретінімізге сенім білдіремін», – делінген Тәжікстан Президентінің құттықтауында.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко еліміздің тарихи өлшеммен алғанда қысқа мерзім ішінде зор жетістіктерге қол жеткізгенін, барлық этнос өкілдері арасында төзімділікті, дінаралық және мәдениетаралық келісімді қамтамасыз етудің жарқын үлгісін паш еткенін атап өткен.
«Қазақстан сенімді түрде заманауи және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыруда. Минск мен Нұр-Сұлтан арасындағы өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық одақтастық қатынастардың одан әрі кеңейіп, жаңа жасампаз жобалармен толыға беретініне сенімдімін», – делінген Беларусь басшысының жеделхатында.
Франция Президенті Эммануэль Макрон өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевты және достас Қазақстан халқын шын жүректен құттықтап, бақ-береке тілеген. Француз көшбасшысы Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Сонымен қатар ол технологиялық инновация, энергетика, «жасыл» экономикалық өсім мен орнықтылықты ілгерілету, көлік және тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы екіжақты ықпалдастықты нығайту үшін зор мүмкіндік бар екеніне назар аударған.
«Егер Сіздің тығыз жұмыс кестеңіз мүмкіндік беретін болса, екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бәрін жан-жақты талқылау үшін Өзіңізбен Парижде кездесуге қуанышты болар едім», – деп жазған Эммануэль Макрон.
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер де өзінің жүрекжарды құттықтауын жолдаған.
«Коронавирус пандемиясы өзара байланыстарымызды шектесе де, елдеріміз өткен жылы тұрақты және жемісті қарым-қатынастарды жалғастырды. Ауғанстандағы жуырда болған оқиғалар және күннен күнге күшейіп жатқан климаттық өзгерістердің әсері Сіздердің аймаққа жаңа әрі күрделі міндет жүктеп отыр. Біз мұны жақсы сезінеміз. Германия алдағы уақытта осы және басқа да сын-қатерлерді сәтті еңсеруде және Сіз қолдаған реформалар бағытын жалғастыру жолында Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді», – деп Франк-Вальтер Штайнмайер өзінің жеделхатында атап өткен.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өздерінің құттықтау жеделхаттарын Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев, Армения Президенті Армен Саркисян, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили, БАӘ Президенті Халифа бен Зайд Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мухаммед бен Рашид Әл Мактум, Абу-Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары Мухаммед бен Зайд Әл Нахаян, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдельазиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері Мухаммед бен Салман бен Абдельазиз Әл Сауд, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Испания Королі VI Фелипе, Малайзия Королі ІІ Абдулла, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко Королі VI Мухаммед, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн, Сингапур Президенті Халима Якоб, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, Польша Президенті Анджей Дуда, Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Чехия Президенті Милош Земан, Үндістан Президенті Рам Нат Ковинд, Израиль Президенті Ицхак Герцог, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх, Бразилия Президенті Жаир Болсонару, Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис, Латвия Президенті Эгилс Левитс, Эстония Президенті Алар Карис, Словения Президенті Борут Пахор, Бангладеш Президенті Мохаммед Абдул Хамид, Вьетнам Президенті Нгуен Суан Фук, Куба Президенті Мигель Диас-Канель, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Сьерра-Леоне Республикасының Президенті Джулиус Маада Био жолдады.
Сонымен қатар құттықтау жеделхаттарын ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хусрав Нозири, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, ЭСКАТО-ның атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алисджабана, ИСЕСКО-ның бас директоры Салим әл-Малик, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, ТүркПА-ның Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, сондай-ақ БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министр Мансур бен Заид Әл Нахаян, Израильдің Қаржы министрі Авигдор Либерман, Пенза облысының губернаторы Олег Мельниченко, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий жолдады.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.