Алматыда «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары марапатталды
Жеңімпаз атанған 163-тің 46-сы алматылық
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін «100 жаңа есім» жобасының 4-кезеңі жеңімпаздарымен кездесу өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысқаны үшін оларға қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров арнайы алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалпы байқауда бағын сынауға үш мыңға жуық қазақстандық жеті бағыт бойынша өтінім жіберген. Оның ішінде 9 алматылық финалға шыққан еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Содан бері шараға 7 мыңнан астам адам өтініш берген. Жеңімпаз атанған 163-тің 46-сы алматылық. Онда жеті бағыт, яғни қоғам, мәдениет және спорт, медицина, ғылым және инновация, бизнес, экология және білім сияқты салалар қамтылған. Ал, соңғы өткізілген 4-кезеңде қала атынан 9 маман иесі оқ бойы озық шыққан еді. Бүгін оларды қала басшылығы арнайы марапаттады.

Жоба жеңімпаздарының бірі Қайсар Табынов вакцинология саласында 17 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол қауіпті инфекцияларға қарсы 10-ға жуық вакцина әзірлеген. Қазір соның 60 пайызы өндірісте қолданылады. «100 жаңа есім» жобасына қатысуға ғалымның ұжымы өтініш беріпті. Қазір аллергияға және коронавирус вакцинасын әзірлеумен айналысуда.

«Бұл тек қана бастама. Алдымызда үлкен жұмыс тұр. Жалпы біздің ғылыми тобымыз үлкен емес. Бірақ қойған мақсаттарымыз айтарлықтай көп. Болашақта пандемия тудыратын вирустық ауруларға қарсы вакцинаның платформасын дайындау. Яғни келесі пандемияға сақадай сай дайын болу. Соны ең алдымен шешкіміз келеді», – деді Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі, профессор Қайсар Табынов.

Оқушыларға химия элементтерін жапондық анимэ арқылы түсіндіретін 28 жастағы Ұлан Үсенұлы елге жылдам танылғаны белгілі. Педагог осылайша балалармен тез тіл табысудың, ең бастысы, пәнді ұтымды ұғындырудың ерекше амалын тапқан. Мұғалім «100 жаңа есім» жобасында «Білім» саласы бойынша жеңімпаз атанып отыр.

«Бұл жоба өзім туралы бөлісуге, өз жұмысын мықты әрі адал атқаратын адамдармен танысуға жақсы мүмкіндік берді. Мұғалім ретінде мен өзімді оқушылардың орнына қойып көремін. Сабақты қаншалықты қызықты етіп беру керек екенін сол кезде ұғамын. Қазір монтаждау, сценарийін жазу, түсіру сияқты дүниелерді үйреніп алдым», – деді химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенұлы.

Жобада өздерінің дарыны мен еңбекқорлығы арқылы елге танылған, қоғамға ерекше үлес қосқан азаматтар таңдалған.

«Қазақстанның жастарына жалпы ұлттық, патриоттық бағытта, жалпы ұлттың дамуы мақсатында, спорт, мәдениет, денсаулық саласында болсын қазіргі жастарға үлкен үміт сыйлайды, талпыныс сыйлайды деп ойлаймын», – деді жоба ұйымдастырушысы Перизат Өмірәлі.

Жалпы мақсаты – елімізде бәсекеге қабілетті орта қалыптастырып, ғылым, білімнің ең үздік идеяларын түрлі мамандық иесі арқылы дамытуға бағытталған. Жоба жыл сайын ұйымдастырылады.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров