2019 жыл. Тәуелсіздіктің бұл жылында Қазақстан халқы екінші Президентін сайлады. Бұл – тұтас ел үшін тәуелсіздік толқынындағы тағы бір елеулі сәт. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына биыл 3 жылдың жүзі болды. Сондай-ақ 2019 жыл Қазақстанда жастар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы ел астанасы – Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2019 жыл Қазақстанда жастар жылы болып жарияланды. Арнайы іс-шаралар 23 қаңтарда басталып кетті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өз сөзінде еліміз дүниежүзі мойындаған, қадірлеген елге айналғанымызды атап өтті.
«Осы 27 жыл ішінде көп нәрсе жасадық. Көп жеңіске жеттік. Тәуелсіз Қазақстанды орнатып, мемлекетімізді дүниежүзінің картасына қойдық. Бұл ауқымды шекарада дәл осындай жағдайда ешуақытта Қазақстан болған жоқ», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы (2019 жыл) Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, 2019 жылы еліміздің саяси өмірінде елеулі өзгерістер, тарихи шешімдер қабылданды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өз өкілеттілігін тоқтату туралы мәлімдеді. Бұл үндеуді жұртшылық күтпегені анық еді. Қазақстандағы билік сабақтастығының конституциялық тұрғыдан реттелгені белгілі. Елбасының өзі үндеуінде атап өткендей, Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Бәрі Елбасының айтқанындай әрі заң шеңберінде өтті.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабы 3-тармағында белгіленген Президентінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық емес. Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық мәртебесінен, оның өз еркін білдіруге сәйкес өкілеттілігін тоқтату құқығы туындайды. Ол Мемлекет басшысының өкілеттілігін мерзімнен бұрын тоқтатуға дербес негіз бола алады», – деді Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми.
Осылайша, 2019 жылдың 9 сәуірінде қабылданған «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №18 Жарлығына сәйкес 2019 жылдың 9 маусымында сайлау өтті. Оған жеті кандидат қатысты. Сайлау нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар даусының 70,13 пайызын иеленіп, Қазақстан Республикасының 2-ші президенті болып сайланды.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасының Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті (2019 жыл) Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ат беру рәсімінен кейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісін берді.
«Баршамызға ортақ мақсат – Елбасының басты саяси тарихи мұрасы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау және нығайту болып табылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл жылдың айтулы жаңалықтарының қатарына, Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып өзгеруін де жатқызуға болады. 23 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды. 2019 жыл мұғалімдер үшін де айтулы жаңалықпен аяқталды. 26 желтоқсанда Парламент Сенаты «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдады. 21 баптан тұратын құжат елдегі жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты болды. Жалпы заң төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары.
Осылайша, 2019 жыл білім саласымен қатар, әлеуметтік, спорт, мәдениет, жастар саясаты саласында айтулы оқиғалармен тарих бетінде таңбаланды.
Қасымхан Талғатұлы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы