Бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда еліміздің Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты
Егемендік жылдарында Қазақстан халқы 4 млн адамға көбейген. Бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда еліміздің Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Үкімет басшысының орынбасары соңғы 30 жылда халықтың табысы 10 есе артып, жұмыссыздық деңгейі бірнеше есе азайғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинің сөзінше, Елбасы және Тәуелсіздік деген сөздер бір ұғымға айналды. 30 жылдың әрбір белесі біз үшін қайталанбас тарих деді ол. Осы жылдар аралығында ТМД мемлекеттері жетпеген жетістікті бағындырдық.
«Бүкіл әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырдық. Бұл көрме Елбасының ерен ерлігімен, парасатты шешімімен, жасампаз идеясымен дүниеге келген астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қазір елордамыз дүниежүзі елдерінің арасында дінаралық және ұлтаралық татулық ұғымының саяси диалог алаңына айналды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 20 жылдың ішінде халықтың саны 4 млн адамға көбейгенін айтты. Бүгін елдегі өмір сүру ұзақтығы 71 жасқа дейін ұлғайған. Сонымен қатар ел тәуелсіздігінің басынан бері 1,5 млн азамат тұрғын үй жағдайын жақсартып, 5 мыңнан астам жаңа әлеуметтік нысан салынды деді.
«Тәуелсіздік символының бірі ретінде ұлттық валюта – теңге айналымға шығарылды. Жаңа сауда-экономикалық байланыс орнату бойынша шаралар қабылданды. Нарық шарттарына кәсіпорындарды ғана емес, халықты да икемдеу керек еді. Бұл мүмкін болды. Отандық бизнестің даму жағдайы түбегейлі өзгерді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны 2005 жылғы 500 мыңнан 2021 жылы 1,4 миллионға дейін артты», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Аталған ғылыми-практикалық конференцияда 12 елдің спикерлері өздерінің баяндамаларын оқып, ой-пікірлерін бөлісті. Соның ішінде барлық сөз сөйлеген адамдар Елбасының ерекше харизмасы мен стратегиялық болжамын жоғары бағалады.
«Осындай халықаралық конференция барысында еліміздің жетістіктеріне, біздің қазақ халқының, Қазақстан халқының басына біткен тұлғасы, көшбасшымыз, Елбасының еңбегін, халықаралық жоғары деңгейде, соның ішінде БҰҰ экс-басшыларының тарапынан бағасын алуы шынымен де, тарихи тағылым», – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботакөз Қайпова.
Шараға қатысушылардың пікірі бір арнада тоғысты. Олар Елбасының парасаттылыққа негізделген стратегиясы күрделі кезеңдерді артқа тастап, Қазақстанды дамудың даңғыл жолына бастағанын тілге тиек етті. Жасампаздыққа толы жылдардың бұл үрдісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты арқылы бүгін де жалғасып келеді.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан