Турнир 28 қарашаға дейін жалғаспақ
Алматыда бокстан халықаралық турнир басталды. Спорттық шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығына орай халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбектің құрметіне арналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәстүрлі түрде өтетін іс-шара жастардың спортқа қызығушылығын арттыруды, патриоттық рухқа тәрбиелеуді мақсат етеді. Турнир барысында Тәуелсіздік үшін жан берген батыр тұлғалардың аты ұлықталып, олардың қайсар мінезі үлгі етілді.
«Бұл іс-шара 20-шы рет өткізіліп отыр. Биыл ерекше өтіп жатыр. Мақсат – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Осы елдің қақса қазығы болатындай патриоттар шығады деп үміттенеміз», – деді Қ. Рысқұлбектің туған інісі, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбек.
«Өте тартысты, керемет өтіп жатыр. Бұл турнирге Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысып жатыр. Осындай турнирде Бақыт Сәрсекбаев сынды Олимпиада чемпиондары шыққан. Осы жолы да чемпиондар шығады деген ниеттеміз», – деді бокстан олимпиада чемпионы, қалалық мәслихат депутаты Ермахан Ибраимов.
Жарысқа қатысушылар 13 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Турнир 28 қарашаға дейін жалғаспақ. Оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
«Көмек берген әкімдікке, спорт комитетіне рахмет. Федерация да өз үлесін қосып жатыр. Боксшыларға тек сәттілік тілеймін», – деді қалалық бокс федерациясының президенті Ержан Қосмамбетов.