Тәуелсіздік шежіресі: 2020 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

23.12.2021 02:18

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Almaty.tv

2020 жыл төрткүл дүние үшін ауқымды сынақтармен басталды. Әлемді шарпыған короновирус пандемиясы қазақ елінің де әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсер етті. Бұл жылы сондай-ақ, қазақтың бас ақыны, қазақ көркем ойы мен өлеңінің реформаторы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Мерейтойды жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлық шығып, жалпы республикалық жоспары да бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялап, ол «Біз біргеміз» ұранымен өтті. Еріктілер жылының мақсаты мен рөлі дүниежүзін дүр сілкіндірген ортақ сын-қатермен де байланысты болды. 2019 жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында короновирустың жаңа түрі пайда болды деген суыт хабар тарады. Оған COVID-19 деген атау берілді. 2020 жылдың ақпанына қарай короновирус Азия мен Еуропа елдерінде, сонымен қатар, АҚШ-пен Латын Америкасына жайлады. Ал 11 ақпанда Тұңғыш президент – Елбасы төрағалық ететін қауіпсіздік кеңесінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және короновирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселесі қаралды.

«Дүниежүзін короновирустың таралуы алаңдатып отыр. Бұл індет күннен-күнге ушығып барады. Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді. Менің кешегі жарлығыммен бүгін таңғы 8-ден бастап, Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жаңдай режимі 30 тәулікке созылады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттің бар әлеуеті әсіресе, денсаулық сақтау жүйесі пандемия жағдайында барынша әрекет етуге кірісті. Жырақта жүрген 10 мыңдаған қазақстандық шұғыл түрде елге қайтарылды. Мемлекеттік шекаралар жабылды. Азаматтардың өзге елге өтуіне шектеу қойылды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорының қаржылық көмегі 550 мыңнан астам отбасын қамтыды. Қазақстан бастапқы кезеңнен өтіп, пандемияға қарсы тосқауыл көрсетіп, жаңа жағдайды бақылауға ала білді. Соған қарамастан, 2020 жылы короновирус жұқтырғандардың жалпы саны шамамен 180 мың адамға жетті. Өкінішке қарай, 2 мыңға жуық науқасты құтқару мүмкін болмады.

13 шілде – коронавирус індетінен қаза болған қазақстандықтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» жолдауын жариялады. Короновируспен күресу мемлекет қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі болып жарияланды. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытымен қатар жүрді. Мемлекет басшысы биологиялық қауіпсіздік туралы заң әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін отандық вакцинаны жасау ісі қолға алынды. Бұған қоса, шетелдік аналогтарды сатып алуға қаражат бөлінді. Жылдың мәдени іс-шарасы – әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет Абай күнін Қазақстандық мерекелік тізімге қосты. Осылайша, 10 тамыз – ұлы ақын Абай күні деп бекітілді.

«Абай қоғамдағы проблемаларды көре білді. Көріп қана қоймай, оны шешу жолын іздеді. Мақсатына жетті. Қоғамның кемшін тұстарын жіпке тізіп, тығырықтан шығу тетігін тапты десек болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында жазылған дүниелер өте орынды. Абай тұтас халықты бірлікке, еңбектенуге және адал қызмет етуге шақырды. Оның қолынан келді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов.

2020 жылы сондай-ақ Нұр Отанның алғашқы праймеризі қазан айының басында өтті. Оған 10 мыңға жуық үміткер қатысты. Соның нәтижесінде ең көп дауыс жинаған кандидаттар қаралып, жалпы партиялық тізімге енгізілді. Сондай-ақ еріктілер жылы аяқталып, күрделі де, нәтижелі істердің қорытындысы шығарылды.

Қасымхан Талғатұлы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы