Алматыда 22 жыл бойы баспанасыз жүрген отбасының арманы орындалды

30.12.2021 01:26

Осындай қуаныш сыйлаған еріктілер тобы марапатталды

Almaty.tv

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еріктілер 30 номинация бойынша марапатталды. «Үздік волонтер-2021» шарасында еріктілердің жылдық жұмысы қорытындыланды. Игі шараға жиналғандар 22 жыл бойы баспанасыз жүрген отбасының арманының орындалғанына куә болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Еріктілердің арқасында 22 жыл бойы баспанасыз жүрген Гүлжаһан Құрбанбаеваның арманы орындалды. 6 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған анаға «Асаруме» қоғамдық қорының бастауымен, күллі халықтың қолдауымен қомақты қаржы жиналған.

«Мен қазіргі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бүкіл халқыма, еліме Алла разы болсын. Осындай мейірімді жандардың арқасында біз сияқты осылай үйсіз жүргендер баспаналы болып жатыр. Жаңа жыл бізге жақсылығымен кіріп келді», – дейді қала тұрғыны Гүлжаһан Құрбантаева.

Осындай қуаныш сыйлаған еріктілер тобы еңбегінің еленгеніне қуанышты. Марапаттау шарасына қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қалалық мәслихат депутаттары мен Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Сайн қатысты.

«Бүгін Алматы әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік деңгейдегі керемет шара өтті. Осы жақсылықпен тоқтамайық. Бәрімізге Алла күш-қуат берсін! «Бірлікте тірлік бар» деген осы», – дейді ерікті Серік Қамбарбаев.

Бүгін еріктілер түрлі бағыттағы 30 номинация бойынша марапатталды. Олардың арасында түрлі салада еңбек етіп жүргендер бар. Салтанатты шарада «Алматы» телеарнасы «Жақсылық жаршысы» номинациясын иеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 100-ден астам өтініштің ішінен арнайы комиссия жылдық жұмыс қортындысына сәйкес топ жарғандарды анықтаған.

«Осындай номинация тағайындаған кезде біз әртүрлі бағытты қамтамасыз етуге тырыстық. Түрлі саладан волонтерлікпен айналысқан немесе қайырымдылыққа үлес қосқан жандарды марапаттап, алғысымызды айтқымыз келді. Соларды іріктеп алып, осы комиссиямен бекіттік», – деді еріктілер ұйымының мүшесі Бағдат Анарбаева.

Жалпы, Алматыда 50 мыңнан астам ерікті және 28 ірі еріктілер ұйымы бар. Олар 2021 жылы 7 бағыт бойынша 1700-ден астам іс-шара, 300-ден аса қайырымдылық акциясын өткізген.

Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы