Авторлардың туындылары арқылы кез келген адам әлемге балалардың көзімен қарай алады
Алматы музейінде «Балалықтың бал күлкісі» атты көрме ашылды. Аталған көрме жас балалардың шығармашылық талабын қолдап, жаңа серпін беру мақсатында, сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Авторлардың түрлі техникалар мен жанрларда орындалған жұмыстары арқылы кез келген адам әлемге балалардың көзімен қарауға мүмкіндік алды. Көрме экспозициясына қойылған Амина Тілешованың бірегей туындылары келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
«Осы көрмеге қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Мен жұмыстарым арқылы эмоцияларымды, өз көзқарастарымды жеткізе алдым. Көрмеге келушілер осы арқылы әлемге біздің, балалардың көзімен қарай алады», – дейді жас суретші Амина Тілешова.
Экспозицияға 50-ден астам жас қылқалам шеберлерінің жұмыстары қойылған. Көрме балаларға ел тарихын, қаламыздың бүгіні мен болашағын терең танып, қоршаған әлемге деген көзқарасын сурет арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Іс-шараның ашылу салтанатына жасөспірімдер шығармашылығына қызуғушылық танытып әрі қолдау білдірген қала тұрғындары мен өнер жұлдыздары да келді.
«Қазіргі өсіп келе жатқан жасөспірімдерді, мектеп оқушыларын мәдениетімізге, өнерімізге тарта отыра жасалған дүние. Бұл көрмеде әр бағытта белгіленген суреттер бар», – деді қалалық музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбетәлиев.