Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алматыда қазақша күрестен студенттер арасында қалалық турнир өтті. Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ербол Сыпатаевтың жүлдесі үшін өткен сайысқа 10 жоғары оқу орнынан барлығы 80-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында айтылған тапсырмалар бойынша кешенді іс-шаралар жоспары қабылданған болатын.
Биыл Желтосқан оқиғасына 35 жыл толады. Ал ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бұл ретте азаттықтың алғашқы қарлығаштарын мәңгі есте ұстап, ерлігін насихаттау – ортақ парыз. Сондықтан да қазақ күресінен жарыстың Желтоқсан қаһарманы Ербол Сыпатаевтың жүлдесі үшін өткізіліп отырғаны тегін емес. Қазақ спорт және туризм академиясы мен Желтоқсан оқиғасына қатысқандар ұйымдастырған турнирде 9 салмақ категориясы бойынша мықтылар анықталып, түйе палуанның есімі белгілі болды.
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарымның бәрі мықты екен. Бірі бауырымыз, енді бірі ағаларымыз. Жеңіске жету маған бұйырып тұр екен. Ендігі мақсат – алда болатын жастар арасындағы Азия және Әлем чемпионатына дайындалу», – деді жарыс жеңімпазы Ерсұлтан Жорабек.
Желтоқсаншылар ұлттық спортты ұлықтаудың маңыздылығы жоғары екенін айтады. Сондықтан алдағы уақытта мұнымен тоқтамай арқан тартыс, алтын сақина және күш сынасу сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырмақ.
«Бұл – ұлтымыздың рухын көтеру, жастарымыздың рухын ояту үшн атқарылып отырған шара. Қазақ халқының ұлы әрі кемеңгер дана халық екенін жер бетіне танытсақ дейміз», – дейді Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Гүлбахрам Жүніс.
Одан бөлек, шара барысында қазақ күресінің дамуына үлесін қосып жүрген азаматтар мен Желтоқсан оқиғасының қатысушылары марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылар 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан турнирдің ауқымын кеңейту мақсатында алдағы уақытта халықаралық жарыстар өткізуді жоспарлап та қойған.
Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы