Алматы "қызыл" аймақта: КВИ жұқтырғандар бірте-бірте азайып келеді

20.05.2021 00:16

Жалпы эпидахуал қиын жағдайда деп айтуға болмайды, тұрақталған және төмендеп келе жатыр

Almaty.tv.

Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде  Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімінің сөзінше, қала "қызыл" аймақта болғанымен, эпидахуал тұрақталған және күнделікті індетті жұқтыру көрсеткіші төмендеп келе жатыр.

«Қазір уақытта Алматы қаласы «қызыл аймақта» тұр. Жалпы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны жоғары, дегенмен бір ай бұрынғы статистикамен салыстырсақ, төмендеген. Кейбір күндері 700-720 науқас инфекция жұқтырса, қазір бірте-бірте азайып келеді. Жалпы эпидахуал қиын жағдайда деп айтуға болмайды, тұрақталған және төмендеп келе жатыр. Жалпы қалада 65109 науқас тіркелді. Бүгін 520 адам жұқтырғаны анықталды. Бір ай бұрын төсек орындардың бос болмауы  65 пайызға дейін барған еді, былтыр 83 пайызға жеткен. Қазіргі уақытта ол 43 пайызды құрап отыр. Ал жансақтау бөлімінде 47 пайыз. Осы сандар негізінде коронавирусты жұқтырғандардың төмендегенін байқауға болады», – деді қала әкім.

Сонымен қатар, қала әкімі қандай жағдайда эпидахуалдың реттелетінін айтты. 

«Алматылықтар арақашықтықты сақтаса, маска режимін ұстанса, рұқсат етілмеген жерлерге бармаса, ШОБ өкілдері талапқа сай жұмыс істесе, эпидахуал реттелер еді. Коронавирус инфекциясы екі-үш ай сайын қайта көтеріліп жатыр. Егер карантин талаптарын сақтасақ, жағдай тұрақтанады», – деді әкім.