70 мыңға жуық студент оқитын болса қаламызда, соның 64 мыңы қаланың тұрғындары, қалғаны сырттан келген
Алматы әкім Бақытжан Сағынтаев қалада «дельта» штаммының өсіміне байланысты алматылықтарды вакциналау қарқынын төмендетпеуге шақырды. Санитарлық-эпидемологиялық ахуалдың күн сайын ушығуына байланысты қала басшысы Almaty.tv арнасының тікелей эфирінде өткен Akimat LIVE бағдарламасында осылай деді. Бүгінде Алматыда қуаттылығы 5200 төсек орынға ұлғайған инфекциялық стационарларда барлығы 1947 пациент емделіп жатыр. Оның 168-і бала. Сондай-ақ, әкім қала қонақтары да санитарлық талапты қатаң сақтау керегін айтты.
«170 мыңға жуық студент оқитын болса қаламызда, соның 64 мыңы қаланың тұрғындары, қалғаны сырттан келген. Қазір соған байланысты ректорлармен сөйлесіп жатырмыз. Келген студенттің бәрі вакцина салдыруы керек. Өйткені әрқайсысы әр жерден келген. Біреуі ауырып келді, біреуі ауырмай келді. Біреуі вакцина салдырып келді, біреуі салдырмай келді. Сол себептен негізгі жұмыс қарқынын күшейту керек. Әйтпесе, «дельта» штаммы бізді жеңіп шығады», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Тікелей эфирде хабарласқан көрермен елдегі, оның ішінде Алматыдағы азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты сұрақ қойған еді. Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы аталған мәселеге қатысты жан-жақты шара қолданылып жатқанын атап өтті. Мысалға алсақ, Алматыдағы 7 базарда азық-түлік бағасы 25 пайызға арзандатылған әлеуметтік сөрелер қойылды. Сондай-ақ, тауарды өндірушілер мен сатып алушы орындардың арасында өзара тығыз байланыс орнату арқылы қымбаттаушылықтың алдын алу жоспарланып отыр.
«Өзіміздегі шығатын өнімдердің уақытында келмеуі, әртүрлі жағдайлардың болуы, оның бәрі, әрине, қымбаттаушылыққа алып келді. Осыған байланысты біз картоп пен сәбіздің бағасы қазір түсті. Бізге Түркістан облысынан өте көп көлемде қазір келе бастады», – деді Б. Сағынтаев.