Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мерейтойлық медальдарды табыс етті
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мегаполистің дамуына елеулі үлес қосқан қоғамдық кеңес мүшелеріне мерейтойлық медальдар табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құттықтау сөзінде ол әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде атсалысқан кеңес мүшелеріне алғыс білдірді.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп айтқан. Оның осы сөзінде үлкен мағына, алматылықтардың атқарған үлкен еңбегі жатыр. Сондықтан мереке бәрімізге құтты болсын!», – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Барыс Жапаров.
Сондай-ақ қоғамдық кеңестің мүшелері өз атынан қаланың өркендеп, көркеюіне үлес қосқан қала азаматтарына алғыс хаттар табыстады.
«Алматы қаласына ерен еңбек қосқан, белсенді қызмет атқарған дәрігерлер де, басқа сала мамандары да марапатталып жатыр. Бұған өте қуаныштымыз», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының аға дәрігері Абзал Малбасқанов.