Мегаполис «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атауын абыроймен көтеріп келеді
Тәуелсіздіктің 30 жылында Алматы қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналды. Қала «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атауын абыроймен көтеріп келеді. Шаһарымыз мәдени, қаржы, білім, туризм орталығы ретінде өсіп, өркендеді. Қала басшылығы тарихтың куәсі болып табылатын бұрынғы ғимараттарды көздің қарашығындай сақтауға айрықша мән беріп келеді. Одан бөлек, мұнда көптеген жаңа ғимараттар, бизнес орталықтар салынды. Алматыға кейіннен қосылған аудандар да күннен-күнге дамып келеді. Осыдан жеті жыл бұрын ғана қалыптасқан бір ғана Наурызбай ауданында халық саны 160 мыңнан асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – әсем көркімен, жанға жайлы ғимараттарымен есте қалатын ірі мегаполис. Алатауы айқара ашылып қарсы алса, Көктөбесі жайқала жадырап құшақ жаяды.
Апорттың отаны тәуелсіздік жылдары қарыштап дамып, шаһарда заман талабына сай кешендер мен ғимараттар бой көтергені дүйім жұртқа мәлім. Соның бірі – «Алматы Арена». Бұл спорт кешені 2017 жылы өткен әлемдік универсиадаға арнап салынған. Бүгінгі таңда жастардың арасында спортқа деген қызығушылықты оятып, ел абыройын төрткіл дүниеге асқақтатты.
Көп функциялы кешен Универсиада мұрасы ретінде Қазақстанның бастаушы спорттық ғимараттарының бірі болып, жылына 600 мың көрермен қабылдайды. Сондай-ақ кәсіпқой спортшылар үшін тұрақты жаттығу нысанына айналды.
Айта кетсек, дәл осы «Алматы Аренада» футзалдан Чемпиондар лигасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кәрі құрлықтың азулы командалары алматылық «Қайратпен» бақ сынасты.
«Тәні саудың жаны сау» деп бекер айтпаса керек, себебі дені сау адам – мемлекеттің ең басты капиталы. Сондай-ақ ел абыройын асқақтатар азаматы. Оған дәлел, 76 жастағы қазақстандық Салтанат Түйтебаев. Ол Нью-Йорк марафонында күміс жүлде иеленіп, мемлекетіміздің даңқын тағы бір мәрте көтерді.
«Жүгіріп келе жатқанымда, футболкамда «Қазақстан» деген жазуды басқалары көріп, «Қазақстан» деп айқайлады. Қаттым қуандым! Әйтеуір, Қазақстанды таныстырып кеттім», – дейді спортшы Салтанат Түйтебаев.
Тәуелсіздіктің алтын бесігінде ғимараттардан бөлек, тұрғындарға жайлы, көгалдандырылған саябақтар да ашылды. Мысалы, биыл ғана Терренкурда 5 мыңға жуық бұта отырғызылып, жасыл қор қалпына келтірілді. Қала тұрғындарының ұсынысы бойынша автотұрақтың орнына спорт пен балалар алаңы салынып, санитарлық тораптар орнатылды. Осылайша, Терренкур отандастарымыз бен шетелдіктердің көзайымы болып отыр.
Сондай‑ақ Алатау креатив хаб орталығы қазіргі таңда алматылық жастардың сүйікті орнына айналған. Себебі мұнда олар өздеріне қажетті оқу құралының бәрін таба алады. Сонымен қатар шетел классиктерімен танысып, ұлттың тарихынан сыр шертетін кітап табады.
«Бұрын Алматыда мұндай кітапхана аз болатын. Жамбыл атындағы кітапхананы, сосын кітап дүкендерін жағалап оқитын едік. Қазір үйімнің жанында, 5-10 минуттық қана жерде орналасқан орталыққа келіп кітап оқып тұрамын. Бір жағынан нетворкинг дейді ғой, коммуникацияға жақсы. Бұл жерге кез келген адам келе бермейді. Бұл жерде білім іздеген, кітап оқығысы келетіндерді көріп ортаны табуға үлкен мүмкіндік бар», – дейді қала тұрғыны Рауан Керім.
Қарт Алатаудың баурайындағы әсем шаһар – мәдени дамудың қаласы. Талай мықтының үлкен өнерге қанат қағуына себепші болды. Бүгінде сол үрдіс әлі де жалғасып келеді.
Алатау дәстүрлі өнер театры. Бұл мәдениет ордасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ашылып, бүгінде өзінің мол репертуарымен, өзіндік стилімен ерекшеленді. Республика көлемінде ғана емес, шетел сахнасында ұлттық тілді, ұлттық ділді насихаттап, мемлекеттің мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді.
«Бұл театр – Орталық Азиядағы жалғыз театр. Мұндай театр Орталық Азияның көп мемлекеттерінде жоқ. Осылай ұлттық өнерді, ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында осындай мекемеде, жаңа есімдер мен актерлер көрініп жатса, тамаша емес пе. Толқынды толқын жалғастырып, театрдың дәстүрін сақтайды. Сол себепті, ұтымды қойылымдары көбейе берсін деп тілейміз», – деді актер, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының режиссері Нұржан Тутов.
Алматы – үлкен белестерді бағындырған қала. Ал табиғаты бір бөлек, Жетісудың еркесіндей елітіп, еркелей түседі. Арманыңды арманға жалғайды. Қаланың зәулім ғимараттары, барлығы да бейне бір әсем әуендей.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы