Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған еліміздің қажырлы күресінің жеңісі һәм жемісі

17.12.2020 01:59

Тәуелсіз мемлекет атану үшін Қазақстан қилы тар жол, тайғақ кешуден өтті

martebe.kz

Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған еліміздің қажырлы күресінің жеңісі һәм жемісі. 16 желтоқсан, яғни бүгінгі күннің мәні де, маңызы да айрықша. Азаттық үшін арпалысқан ата-бабаларымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік күні ретінде арайланды. Сол күні дүниежүзі қауымдастығында «Қазақстан Республикасы» аталатын жаңа тұрпатты мемлекеттің туы көтерілді. Содан бері қазақ мемлекеті өркендеуде өзінің өрісті жолын тапты. Әлемдік өркениетке өз үлесін қоса бастады. Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық реформалар өз жемісін берді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында.

Тәуелсіз мемлекет атану үшін Қазақстан қилы тар жол, тайғақ кешуден өтті. Егемендікке қол жеткізгенен кейін де алдымыздан алуан асулар шықты. Бірақ сол белестерді бағындыруда белімізді талдырмай, жерімізді жауға шалдырмай табандылықпен толайым табысқа жеттік.  Өйткені азаттықты алу қанша қиын болса, оны сақтап қалу оңай емес еді.

«Өте оңай болған жоқ. Алдымен дағдарысты бастан өткіздік. Өйткені Кеңес Одағы кезінде шығарылған өнімдер ешкімге жарамай қалды. Өйткені ол Одақ көлемінде ғана болатын... Шаруашылықтар құрыла бастады әртүрлі. Үлкен экономикалық реформалар жүргізу арқылы 10 жылдық экономикалық дағдарысты біз бастан өткіздік. Бірақ дүниежүзілік сараптамаға салатын болсақ, ондай дағдарыстан 10 жылда шығу деген үлкен жетістік», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Еуразия кеңістігінде әрі байырғы, әрі жас, жаңа тұрпатты мемлекетіміздің аяғынан тұруы, әлемге танылуы, түбегейлі мойындалуы сөзсіз, ұлт көшбасшысының сарабдал саясатына тікелей байланысты. Бұл ретте қазақтың бағы бес елі. Алыс-жақын көршілермен тереземіз тең. Керегеміз кең. Бүгінде Қазақстан – өркениет пен өркенді қатынастардың алтын көпірі. Енді шаттық кернеген шаңырағымыз шайқалмас үшін бекем бірлік керек екені айдан анық.

«Қазақстан осы жылдар ішінде аяғынан нық тұрып, тұрақты дамушы мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің берген сыйы осы. Біз өзіміздің саясатымызды анықтадық, біз өзіміз қай бағытта жүретінімізді шештік және бұл мақсатқа жетудің тиімді құралын таңдадық. Мен білімді жастарымыздың көптігімен мақтанам. Өйткені кемел келешегіміздің кілті солардың қолында», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова.

Иә, бүгінгі және келер ұрпақтың парызы – егемендігімізді еңкейтпей, азаттығымызды аласартпай көзінің қарашығындай сақтау. Еңсесі биік еркін елдің бақытын баянды етіп, мәңгілік елге айналдыру.

«Тәуелсіздіктен артық мұрат, тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ. Байлық та бағландық та, барлық та осы тәуелсіздігіміз. Ең бастысы, ұрпағымыздың басы бос. Қайда барам, қайда жүрем демейді. Шектеуден, бұрынғы төбеміздегі тоқпақ, аузымыздағы қақпақ жоқ қазір. Еркін дамыған елде өмір сүріп жатырмыз», – деді  ақын Несіпбек Айтұлы.

Алты алаштың айбынын асқақтатып азаттық алғаннан бері 29 жыл өте шықты. Ендігі мұратымыз тәубемізден жаңылмай тәуелсіздігіміздің тасын өрге домалата беру. Ұлттық мүддеміз де бір. Ол – егемендіктің тұғырын нығайту.  Өзгелер қызғана, қызыға қараған бірлігімізді сақтау.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы