Қазақстандық киім өндірісі шетелдік сәнқойларды қызықтыра бастады

16.03.2017 15:32

Қазақстандық киім өндірісі шетелдік сәнқойларды сөзсіз қызықтыра бастады. Отандық дизайнерлер Миланда өткен сән апталығы аясындағы ең ірі дүниежүзілік көрмеде өздерінің брендтерін лайықты таныстырды. Еуропалықтар қазақстандық сәнгерлердің киімдерінің бірін қалдырмай сатып алыпты. Ондағы белгілі сыншылар тіпті қазақстандық сән үлгісін басқалармен салыстырғанда айрықша деп баға берген екен.

Көздің жауын алар бұл әдемі көйлектер, жемпірлер мен кардигандар ұлттық нақышта жасалған. «2017-2018-дің күз-қыс топтамасын» жасау үшін автор Фариза Сұлтан шабытты қазақтың дәстүрлі қолөнері, құрақ құрау арқылы алыпты. Киімдер қолмен, сондай-ақ тоқымалы машинаның көмегімен жасалған. «Құрақты стиль»  ұсынылған барлық модельдерде бар. Соның арқасында топтама кірпияз шетелдік көрерменнің көңілін бірден жаулап алған.

«Біз Миланда 21 түрлі киім үлгісін ұсындық. Солардың тек алтауын ғана елге алып келдік. Өйткені, бұл үлгілерді сатпай, арнайы қалдырғам. Бірақ көптеген адамдар көрме аяқталмай жатып киімдеріңізді сатыңыз деп қолқа салды. Жарты коллекциямды бірден сатып, елге алып келген топтамама тапсырыстар қабылдап келдім», - деді дизайнер Фариза СҰЛТАН.

Фаризаның топтамасына Италия мен Бельгияның сәнгерлері қатты қызығып, бірлесіп жұмыс жасау үшін келісім-шартқа қол қойып үлгеріпті. Дегенмен, Милан сән апталығында таныстырылған отандық 5 дизайнердің де киімдері еуропалық көрермендерді өзінің ерекше үлгісімен және тың идеяларымен тәнті еткен. Сәнді киімнің дүниежүзілік көрмесін 40 мыңнан астам сәнқой, стилистер және дизайнерлер қатысады.

«Милан - бұл сән апталығы. Ол Нью-йорк, Лондон және Париждегідей үлкен төрттікке кіреді. Шын мәнінде онда өте талапшыл көрермен барады және олардың талғамдары өте биік. Өйткені сән апталығына қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген танымал брендтер келеді. Ал, мен біздің дизайнерлері шетелдіктерді тәнті етіп, тапсырыстар қабылдап келетінін күтпеген едім», - деді сән үйінің креативті директоры Аяжан ЖАҚСЫБАЙ.

Қазақстандық дизайнерлердің халықаралық көрмеде - жарқырап көріну Аяжан Жақсыбайдың бағзыдағы арманы еді. Ол «Қазақстан бренді» бағдарламасын жасап, бірнеше мерзім отандық дизайнерлермен белсенді жұмыс істеді. Соның арқасында отандық сәнгерлдер шетелдіктерді тәнті етті.

«Шетелдіктерте ешкімге ұқсамай ерекшеленіп тұратын киімдер өте ұнайды. Олар жаңа нәрсеге құмар. Себебі, бүгінгі таңда моданы тұтастай алғанда бір-бірін көшіру, яғни плагиаттық жүріп жатыр. Ал, біздің брендтеріміз, коллекцияларымыз қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Әлемдік аудитория мұндай нәрсені көрмеген, сол үшін біздің қыздардың киімдеріне қызықты», - деді сән үйінің креативті директоры Аяжан ЖАҚСЫБАЙ.

Италиядағы сәтті сапарларының қорытындысын дизайнерлер тобы Алматыға оралғасын жариялады. Отандық кутюрьелер қазақстандық сәннің болашағы зор екеніне әрі экспортқа шығарына сенімді.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы