Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты әлі де мойындамады

09.01.2018 21:41

Сотта алғаш рет сөз алған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Астананың іргесіндегі құны қымбат ғимараттың өзгеге тиесілі екенін айтқан экс-министр қылмыстық іске қалай қатысты болып шыққанын да жіпке тізгендей ғып жеткізді. Қызметтік мансабының жарты жолда қиылғанына қынжылған жас шенеунік елбасы мен халықтан кешірім сұрады. Шыны зауытынан жымқырылған қаржыға қатысы бар күдіктілердің сотына тілшіміз нұржан сәдірбай да қатысып қайтты.

Қуандық Бишімбаев пен 22 адамға қатысты атышулы сот әлі жалғасып жатыр.  Бұған дейін қомақты қаржы жымқырды деп айыпталып келген басты күдікті, экс-министрге де сөз кезегі тиді. Бір жылға жуық қамауда жатқан жауапкер өз сөзінде алдымен ел азаматтарының қамын ойлағандығын, сырын білмеседе сырттан келген адамдарға сеніп, жұмысқа алғанын, ақыры жұмыстың осылай жайсыз аяқталғанын айтты. Жас болса да, жауапты қызметтерге тағайындап, түрлі жетістіктерге жетелеген 38 жастағы экс минситр Президентпен қоса халықтан кешірім сұрады.     

«Президенттің алдында кінәлі екенімді білемін. Мен танитын адамдар, мен өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және тағы басқалар маған нұқсан келтірді, мен олар үшін Мемлекет басшысы алдында жауаптымын. Осы жағдай үшін және Президенттің сенімін ақтай алмағаным үшін ұяламын. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Менің сеніміме кіріп, мені тек қолданған адамдарды өзіме жақындаттым. Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын»,-деді ҚР Ұлттық экономика экс-министрі, Қуандық БИШІМБАЕВ.

 Істі болғаннан бері енді сөз тиген Қуандық Бишімбаев ағынан жарылды. Біріншіден, ол өзіне тағылған айыптарды мойындамаймын деді. Және айып тағушы тараптың «Бишімбаевтың үйі» деген Қосшы ауылындағы жылжымайтын мүліктің жайын да тоқталды. Айтуынша, нысанның бой көтеруіне өзімен қоса, төрт адам қаржы қосқан. Ал, құзырлы орган іздеріне түскенде, өзгелері «бұл - Бишімбаевтың үйі» деп ата тондарын ала қашқан.   

«Іс материалдарында барлығы үйді өз қалағанынша қолданды деген дәлелдер бар. Нысан барлығының қатысуымен бой көтерді. Менің үйім болса, онда неге кім көрінген оның ішінде ойына келгенін жасайды? Әйтпесе, неге ішкі құрылыс жұмыстарын өзім немесе әйелім емес, Жақсыбаев Бақыттың жұбайы жүргізген? Бұл бос сөз емес. Бұл менің үйім емес»,- деді ҚР Ұлттық экономика экс-министрі, Қуандық БИШІМБАЕВ.

«Жақыповтың, Жақсыбаевтың, Анарбайдың берген жауаптарымен түбегейлі түрде келіспейді. Және олардың жауаптарының неге жалған екендігін, шындыққа сай келмейтіндігін, сотқа жеткізілген, сотта көрсетілген құжаттарға сүйене отырып, дәледеп беріп отыр. 100 пайыз келіспей отыр»,-деді Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы, Мәди МЫРЗАҒАРАЕВ.

Экс-министрдің жары Назым Бишімбаева күйеуінің денсаулығы нашарлағандығын айтты. Жұбайы бас ауруына шағымданған. Алайда, сот тиісті ем-дом қабылдауы жайында өтінішхатты қабылдамады.   

«Денсаулығы әжептеуір бұзылған. Ол бас ауруына шалдықққан. Оны өңінен де жағдайы нашарлағандығы көрініп тұр. Әрине, бұл бізге ұнамайды. Тексеруден өтеміз деген үміттемін. Алайда, қазір де басының ауыратындығын айтып жүр»,-деді Қуандық Бишімбаевтың жары, Назым БИШІМБАЕВА.

Естеріңізге салсақ, Қуандық Бишімбаев пен бұл істің өзге де 22 фигурантына қатысты алдын ала тыңдаулар 31 қазанда басталған болатын. Бұрынғы ұлттық экономика министрі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-тарауы "Пара алу" және 189-бабының 4-тарауының 2-тармағы "Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену немесе талан-таражға салу" бойынша айыпталған болатын.Бишімбаевқа тағылған айыптар дәлелденсе, ол 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.