Ұлттық біріңғай тестілеуде жоғарғы ұпай жинап, бірақ грантқа іліге алмаған түлектер Алматыда бас көтерді. Бір топ оқушы ата-аналарымен бірге Білім министріне шағым айтып, жұмысын сынап тастады. Сөздерінше, биылғы жаңашылдық балалардың болашағына балта шапқан.
11 жылдық білім бекерге кетті. 40-қа жуық талапкер көз жасын сығып, олардың ата-аналары жан айқайын министрлікке жеткізуде. Мәселе - оқушылар ұлттық біріңғай тестілеуден 120 балдан жоғары жинап, білім грантына ие бола алмаған. Есесіне, 40 ұпайдан асқандар тегін оқуға ілігіпті. Қызылорданың Аралынан келген Светлана Исаева ақысыз оқуға қанша балмен кімнің іліккендерін біртіндеп тексеруге кірісіп кетіпті. Түнгі ұйқыларын ысырып қойып, білім министріне де хат жолдаған.
«40 балменен Жұбановқа, 50 балмен әл-Фараби университетіне түстіпті. Бұл тек 7 парақтан шыққан нәтиже. Ал қалған 600 парақтың ішінен қандай балдардың шығатынын құдай білсін. Мен Сағадиевке де фейсбукте жазғанмын, ешқандай жауап алмадым», - деді ата-ана Светлана ИСАЕВА.
«Бізде бұл жерде тұраған ата-аналардың 120 балдан жоғары, грантқа түскен балалардың тізімі бар ол жерде 45 балдан бастап грантқа түскен оқушылар бар», - деді ата-ана Кенжегүл ХАСЕНОВА.
Сорақысы сол - талапкердің арнайы бланкіге белгілеген жауаптары шимай шатпақ болып шыға келген. Әйтсе де оқушы, өзі тестілеуден шығар алдында ұялы телефонына негізгі үлгісін түсіріп алған. Нақытарақ айтқанда, талапкер тестілеуден кейін 100-ден жоғары ұпай жинайды да, жалпы конкурсқа түседі. Әйтсе де, грант тізімінен өзін таппаған ол сол толтырған бланкасын қабылдау комиссиясына сұрап алады. Қараса, талапкердің жеке кодын қолмен өзгертілгені анықталған. Сондықтан біріңғай базаға да іліге алмапты.
Осылайша, грантқа таласқан талапкерлердің үміті су сепкендей басылды. 131 ұпай жинаған Бауыржан Аманбек те министр Сағадиевті сынға алды.
«70-пен, 60-пен түскен балалар бар екен. Сонда түсінбедім? Неге мен түспедім? Олар түседі. Оларды тексеріп қарасам, барлығы алтын белгі иегері екен. Өзіміздің министр Сағадиев айтқан: «алтын белгі мен қарапайым оқушының балдары бірдей болған жағдайда, алтын белгі өтеді. Ал алтын белгі емес бала бір балл артық жинаса, онда алтын белгі емес бала өтеді. Айтуы былай болғанымен, істеген ісі мүлдем басқа болып жатыр», - деді талапкер Бауыржан АМАНБЕК.
Әйтсе де, заңгер Бақытжан Сапаров түлектердің шатасып тұрғанын айтады. Өйткені, 10 жылдан бері алтын белгі иегерлеріне басымдық беріліп келуде. Оның жинаған ұпайына қарамастан, бірінші болып грант иегері атанады.
«Білім туралы заңға сәйкес 8 тармақшасында айтылған, биыл алтын белгілердің артық құқығы бар. Немесе халықаралық олимпиада, республикалық олимпиада.
"Білім туралы заңда ешқандай өзгеріс болмады. Сол заңда айтылған. Артық құқықтары бары жазылған. Бірінші кезекте сол алтын белігілер. Олардың балы жазылмаған», - деді заңгер Бақытжан САПАРОВ.
Министрлік бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалмайды деп отыр. Конкурста кеткен қателік бүге-шүгесіне дейін анықталады. Соныдықтан оқушылар мен ата-аналардың сабыр сақтап күте тұруларына тура келеді.
Биыл республика бойынша тегін білім алуға 64 мыңға жуық түлектен өтініш келіп түскен екен. Оларға тек 40 мың грант бөлінген. Сондықтан жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға таластың қызу болғаны сөзсіз.
Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан "Алматы" телеарнасы