Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты соталды тергеу аяқталды

28.02.2017 16:33

Мұхтар Әбілязов пен оның Қазақстандағы сыбайластарына қатысты соталды тергеу аяқталды. Әрі Әблязов жымқырған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені дәлелденді. Бұл туралы Ұлттық бюро Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

Әблязовтың сыбайластарымен бірге жымқырған жалпы шығын сомасы - 7,5 миллиард АҚШ долларын құрапты. «Тергеуден жымқырылған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені, Қазақстан азаматтарының жеке жинағы екені және шетелдік қаржы институттарының қарызы екені нақтылы анықталды», - делінген Ұлттық бюроның хабарламасында. Еске сала кетейік, ақпанның 2-де ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жауап алу үшін Мұхтар Әблязовті Астанаға шақырған болатын.