Өмірбек Жампозовтың ісіне қатысты сот шешімі шықты

28.08.2017 10:33

Өмірбек Жампозовтың ісіне қатысты сот шешімі шықты. Целиноград аудандық сотының судьясы «Казводхоз» республикалық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директорын жемқорлықлық жасады деген айыппен кінәлі деп тапты. Осыған дейін, есте болса, Өмірбек Жампозов пен оның бес әріптесіне мемлекет мүлігін қолды қылды деген айып тағылған болатын. 20 шілдеде сот шешімі шығар алдында айыпталушы өз көлігінен прокуратура ғимараты алдында оқ жаудырған еді. Артынша өз-өзіне қол жұмсаған.

Мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталған «Казводхоз» республикалық мемлекттік мекемесінің бұрынғы директоры мен оның бес әріптесіне сот үкім шығарды. Сот шешімінде Жампозовтан бөлек, Бөрлібаев жеті жарым жылға, Қазыкеев пен Тайғұлов жеті жылға, Төлеуов, Бейсебеков 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Марқұм Өмірбек Жампозов пен оның әріптестері ісіне қатысты үкім туыстары мен жақындарын абдыратып тастады. Мемлекеттік мекеменің бұрынғы директорының қорғаушысы апелляциялық сотқа жүгінеміз деп отыр. Егер ол да нәтиже бермесе, келесісі Жоғарғы сот болмақ.  

«Өкінішті, әрине. Сот шешімі қатаң болды. Бірақ біз апелляциялық сотқа шағым түсіреміз. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. 5 күннен кейін қолымызға аламыз, содан соң қайта шағым түсіреміз», - деді Ө.Жампозовтың қорғаушысы Бақыт ҚАЙЫРЖАНОВА.

Ал сот отырысынан кейін, Асылжан Жампозов әкесінің өлер алдындағы хатын оқып, ақтап алу үшін бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді.

«Маған жала жауып, соттап жатқандардың жазасын құдай берсін» - деп жазып кетті менің әкем. Соңғы жазуы. Өлім алдында жазған хатының соңғы жолдары. Ақтаймын, тырысамын. Барлық күшімді саламын», - деді Ө.Жампозовтың ұлы Асылжан ЖАМПОЗОВ.

Осы іс бойынша сот процесі былтыр желтоқсанда басталған еді. Ал осы жылдың 20 шілдесінде «Казводхоз» республикалық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директорына сот үкімі шығу керек болған. Айыпталушыларға Ақмола облысындағы Преображенский гидроторабын жаңартуға қарастырылған 600 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылған еді.

Азамат Әуезхан, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Ақмола облысынан