Қарағандыда өртенген үйден үш адамның мәйіті табылды

14.11.2018 14:35

Қарағандыда тұрғын үй өртеніп, екі әйел мен баланың күйген денесі табылды, деп жазды sputniknews.kz.

Өрт сейсенбі күні кешке Багрицкий көшесіндегі бірқабатты екі пәтерлі тұрғын үйде болған.

«Өрт пәтерлердің бірінен шыққан. Оқиға орнынан 1962 және 1990 жылдары туған әйелдердің, 2012 жылы туған баланың денесі табылды. Өртеніп кеткен пәтерде төбе жабыны жартылай опырылып түсті», — деп хабарлады Төтенше жағдайлар комитеті.

Өрт сөндірушілер көрші пәтерден екі ересек адам мен бір баланы қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 24 адамы мен 4 бірлік өртке қарсы техникасы өртті екі сағатқа жуық сөндірді.

Өрттің себебі анықталып жатыр.