12 желтоқсанда Ақтөбедегі Елек аудандық полиция бөліміне учаскелік полицейдің табельдік қаруын алып, атыс шығарып, өзіне қол жұмсамақ болған ер адам жеткізілді.
Бұл туралы «РИКА ТВ» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның шу шығарғанына көршілері шағымданып, артынша полицейлер алып кеткен. Оны тыныштандыру үшін, қолына кісен салуға тура келді.
Учаскелік бөлімге жеткізілгеннен кейін, ер адамның Ресей азаматы екені және іздеуде жүргені анықталды.
Қызметтік тергеу материалдарында учаскелік полицейдің тапаншаны үстелдің үстіне қойып, кабинеттен шығып кеткені жазылған. Мұнан кейін ұсталған азамат табельдік қаруды алып, инспектордың артынан кабинеттен шығып кеткен.
Дәлізден тәртіп сақшысын көрген ер өзін ғимараттан шығарып, босатып жіберуді талап еткен. Алайда инспектор одан қаруды беріп, кабинетке баруын сұрайды. Алайда тұтқындалған ер адам оның сөзін елемепті. Сонымен қатар, ол полицейдің аяғына екі рет оқ атып, артынша тапаншаның аузына тақап, суицид жасамақ болған.
Алайда өзге полицейлер оны тоқтатып үлгеріп, қолынан қаруын тартып алды.
Қазіргі уақытта учаскелік полицейге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.