1-сыныпқа қабылдау ережелері өзгерді

29.05.2018 15:06


¤Алматы қаласында 1-ші сынып оқушыларын мектепке электронды түрде тіркеу маусымның бірінен басталады. Порталда ата-ана өз баласын кез келген білім ошағына тіркей алады. Тек бос орын болуы қажет. «mektepalmaty.kz» сайтында  бірден екі мектепке өтініш беруге болады. Біріншісі - автоматты түрде өзінің тұрғылықты мекен-жайында орналасқан мектепке түседі. Екіншісін, өзі қалаған оқу ошағына жібереді. Өтініш беру үшін баланың туу туралы куәлігі мен мекен-жайынан анықтама қағазы керек. Электронды түрде өтініш беру кезінде барлығы айқын болады. Кезектің қалай жылжып, қай мектепте орын барын көріп отыруға мүмкіндік бар.

«Мына жерде өтініш берген адам мен мектептің не мұғалімі, не әкімшілігі кездеспейді. Қағаздарын тапсырғаннан кейін 1 қыркүйекте ата-ана баласын мектепке алып келеді», - деді  Алматы қаласы №69 жалпы білім беретін мектептің директоры Сәуле ТӨРЕҚҰЛОВА.

Сонымен қатар, ата-аналар бұрынғыдай мектепке өздері барып, балаларын тіркесе болады. Тапсырылған құжат бірден «mektepalmaty.kz» сайтына жіберіледі. Сондай-ақ қазір пилоттық режимде оқушыны өзі оқып жатқан мектептен басқа оқу ошағына ауыстыру функциясы жұмыс істеп жатыр. Әзірге ол тек Бостандық ауданының тұрғындарына қол жетімді. Тағы бір айта кетерлігі, порталда түрлі секциялардың тізімі көрсетілген.