Атырауда «марқұм» өзін жерлеп тастағаннан кейін үйіне қайтып келді

05.11.2018 15:17

Атырау облысы Томарлы ауылында жоғалып кеткен ер адамды туыстары өлі күйінде тауып алған. Барлық туысы жиналып, оның жаназасын шығарып, мұсылманша жерлеп те үлгерген. Бірақ арада екі ай өткеннен кейін марқұм үйіне келген, деп жазды Ақжайық басылымы.

Туыстары 63 жастағы  Айғали Сүпіғалиев биылғы жылдың маусым айында хабарсыз кеткен. Ер адамның әйелі, баласы болмаған. Бауырларының үйінде тұрып жүрген. Ол бұған дейін де үйінен біраз уақытқа кетіп қалып жүрген. Алайда маусым айында ұзаққа жоғалып кетіп, нәтижесінде 9 шілдеде туыстары полицияға шағымданыпты.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін полицейлер жоғалып кеткен ер адамның туыстарына хабарласып, мәйітті тануға шақырған. Алайда табылған адам денесін  түріне қарап тану мүмкін болмаған.  Артынша марқұмға ДНҚ сараптамасы тағайындалып, нәтижесінде мәйіттің Сүпіғалиевке тиесілі екендігі анықталады. Ер адамның інісі Есенғали Сүпіғалиевтің сөзінше, мұнан кейін олар мәйітті алып кетіп, жерлеу рәсімін өткізген.

«Туыстарымыз көңіл айтып, бізді «көңіл шайға» шақырып жатты. Ал Айғали қазан айының соңында үйге келген кезде, қызым Сәуле «марқұм» ағасын көріп, жүрегі ұстап құлап қала жаздады», – дейді ол.

Анықталғандай, Айғали жоғалып кеткен күні базарда бір адаммен танысып, онымен бірге басқа өңірге табыс табуға кетеді. Сол жақта 4 ай бойы жұмыс істеген Айғали үйіне асыққан. Ол өзі жұмыс істеген ауданнан Атырауға жаяу келген. Алайда мұндай жағдай болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Туыстары оның зейнетақысын мемлекетке қайтарып, құлпытасқа тапсырыс беріп үлгерген.

Енді Айғалидің өзі туыстары мен бірге жалған сараптама шығарған дәрігерлер мен полицейлерді  сотқа беріп, осындай қателік үшін жазаланғандарын қалайды.