Қазақстанда той үшін әнші шақырып, қымбат мейрамхана жалдауға тыйым салынбақ

08.11.2018 15:26

Дүркіретіп дүниесін шашатын байлар мен тойдан оңай олжа іздейтін әншілер төлейтін салық түрін өсіру ұсынылды, деп хабарлайды kyn.kz.

Елімізде ас та төк тойларға тыйым салынбақшы. Қымбат мейрамхана, эстрада жұлдыздары, арнайы шоу-программалар. Мұның барлығы енді қара тізімге кіреді. Осылайша, халық қалаулары қазақстандықтардың тойдағы ысырапшылдығын тоқтатып, прагматизмге үйретпек ниетте.

Көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай көсіліп жүрген қазақтың ас та төк тойлары билік басында отырғандардың да назарына ілігіп, ойға қалдыруда. Мәселен, Сенат төрағасы Қасым-ЖомартТоқаев бұл мәселеде өзбек пен түріктерден үлгі алуға шақырған еді. Оған қатысты біраз пікірталас туындағанымен, ырду-дырдудан әлі де арыла қойғанымыз шамады.

Бірақ халық қалаулылары мұндай тойларға шектеуді біртіндеп бастаған жөн дейді. Себебі…

«Әрине, біз ысырапшылдыққа бір жағынан шектеу қоюуымыз керек. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге. Мемлекеттік қызметкерлер қарапайым халыққа жақын болуы керек. Аяқ асты заңмен тыйым салсақ реакция басқаша болады. Мәдениет бір күннің ішінде өзгермейді», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Десе де, жастар арасында ысыраптан арылып, шығыннан бас тартқан жұптар да жоқ емес. Мәселен, өскемендік Нұрсұлтан жұбайымен дүркіретіп тойды өткізбей, жетімдер үйіне қайырымдылық жасауды жөн көріпті.

Жігіттің сөзінше, мұндай қадамға бұрыннан іштей дайын болған. Жары Алтынайда бірауыздан отағасының ықыласын қолдапты.

«Алтынай екеуміз басынан ойластырғанбыз, беталды далаға шашырамай, мейрам ұйымдастырып, балаларға кеш өткізгіміз келді, солай өткіздік. Балалар үйі деп шешкен себебіміз, ол балалар кішкентайынын мерекеден айырылған, сол балаларға өткізгіміз келді. Ешкім қарсы болған жоқ, бәрі иә деп қолдады», – дейді қала тұрғыны Нұрсұлтан Назарбаев.

Атқамінерлердің бұл сөзі той жүргізушілері мен шоумэндерге жақпағаны белгілі. Мәселен, бірнеше жылдан бері тойдың түр-түрін жүргізіп келген Алдияр Алпысбаев бұрынғы қазақи дәстүрмен той өткізетін болсақ, қазіргі ысырап екі еселенуші еді деген пікірде.

«Қазіргі таңда қазақтың дәстүрімен өтетін той осы Астана қаласында керісінше, екі есе қымбатқа түседі. Мысалы, қызды кіргізуді алар болсақ. Қарапайым қызды кіргізу 50 мың болса, қазақтың салтымен дәстүрімен домбыра ұстап, сал-серілермен, қасында құрбы-достарымен шулап шығып, Қыз Жібектің жанындағы құрбыларындай көрініс қажет етілсе, бағасы 100-120 мыңның айналасында болады», – дейді асаба Алдияр Алпысбаев.

Әлбетте, той жасауға тыйым салынса, әншілердің де біраз ақшадан қағылатыны белгілі. Шенділердің мұндай уәжіне продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов бүй дейді.

«Елімізде заң шығарып шешетін мәселе таусылып, той ғана қалған ба? Онда Сіз бақытты адамсыз, сол күнге жете берейік. Одан бүкіл проблемамыз шешіле ме? Бізге түйінді мәселелерді шешу керек. Той – ол бұрыннан келе жатқан нәрсе», – дейді продюсер Қыдырәлі Болманов.

Экономистер де ас та төк тойға тыйым салу керек деген пікірді қолдайды. Тіпті, той қазақтың негізгі өзекті мәселесіне айналған. Алайда, тойдағы ысырапшылдықты девалвация да, дағдарыс та тоқтатқан жоқ. Сондықтан да ол уақыт еншісінде.

«Шариғат бойынша әуелі өзіңді жарылқа дейді. Өзіңді жарылқасаң, отбасыңды жарылқа. Оны жарылқадың ба, көмектестің бе, ауылдастарыңды жарылқа. Оның барлығын жарылқадың ба, онда қалған қауымды жарылқа. Енді ондай қаржы болатын болса, неге сол қауымды жарылқамайды?», – дейді экономист Орақ Алиев.

Сонымен қарапайым халық той жасау үшін кемінде 15-20 мың доллар жұмсайды. Оның ішіне – кит, мейрамхана, қыз жасауы өзге де қымбат сыйлықтар кіреді. Шамамен, тағы 5 мың доллар қосылар. Ал дәл осы бағаға шамамен, 7 500 000-ға Астана мен Алматының шеткі ауданынан 1 бөлмелі пәтер, Шымкенттен 3 бөлмелі үй алуға болады дейді экономистер.