Алматы әуежайының аумағы екі есе ұлғаяды

29.12.2018 15:33

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Facebook желісіндегі парақшасы арқылы қала әуежайындағы қызмет сапасын арттыру мақсатында соңғы 2 жылда атқарылған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы әуежайының жағдайы 2017 жылға дейін мүшкіл болды. Ауа райының күрделігіне байланысты жылына 200 рейс бөгеліп қалатын. Әуе компаниясының шығындары 1 млрд теңгеге дейін жетті. 30 мыңға жуық жолаушы рейстің кешігуінен зардап шекті», - деді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, осы тектес проблемалар әлемнің бірқатар әуежайларында Гельмут Шмидт (Гамбург, Германия), Аурел Влайку (Бухарест, Румыния), Дон Муанг (Бангкок, Таиланд) әуежайларында болған. Бұл түйткілді мәселенің шешімі ретінде ұшу-қону жолағының қайта жасау, аймақты кеңейту, жаңа терминалдарды ашу сияқты шаралар атқарылды.

Соңғы екі жылда Алматы әуежайында екі ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол шетіне заманауи жарықтандыру құралдары қойылды. Бұған 8 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.