Президент полицейлердің жаңа формасымен танысты

20.11.2018 22:10

Енді қазақстандық полицейлер мезгілге сай киінеді және  қалталары да қалыңдайды. Тәртіп сақшыларының жаңа киім формасы мемлекет басшысына таныстырылды.

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сейкес, жаңа үлгіде полиция сөзі латын қарпінде жазылған. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының шеврондары да өзгерген. Олар енді ақ және қара түсті болып, ондағы жазу да латын әріптерімен бедерленген. Еске сала кетейік, Ақордада ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту жөнінде кеңес өткен болатын. Нұрсұлтан Назарбаев жиын барысында полицейлердің жалақысын көтеруді тапсырды.  

«Артық тұстардан арылып, қылмыспен күресте құқықтық тәртіпке жұмылу керек. Бөлімдер оңтайландырылып, соның арқасында бір адамның жетекшілігінде үш адамнан емес, бес адамнан болады. Штаттық сан 10 пайызға қысқарады. Аталмыш шаралар 100 мың адамға шаққанда, полицейлерді 471-ден 424-ке азайтады. Мұның еуропалық деңгеймен тең келетінін айта кету керек. Осының арқасында 16 миллиард теңге үнемделеді. Сол қаржы ішкі істер органындағылардың жалақысын көбейтуге жұмсалады», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Полицейлердің еңбекақысын арттыруға қосымша 21 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Елбасы ішкі істер органы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешу жұмысына жеке тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл шаралар қосымша білікті кадрларды тартуға мүмкіндік беріп, бөлімшелерді күшейтуге жол ашады. Ал егер полиция сапынан қызметкер кетіп қалған жағдайда оған берілген барлық жеңілдіктер алынып тасталынады.