Алматыда биыл адам саудасына қатысты 30 қылмыстық іс әшкереленген

31.10.2018 16:48

Алматыда жыл басынан бері адам саудасына қатысты 30 қылмыстық іс әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл басынан бері ҚР ҚК 309-бабы бойынша 23 сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді. ҚР ҚК 308-бабы бойынша 5 қылмыс жасалғаны анықталды. Ал ҚР ҚК 128-бабы бойынша яғни, адам саудасына байланысты 1 қылмыстық іс қаралып жатыр», – деді Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бөлім басшысы Айдынбек Қоқамбеков.

Оның айтуынша, тәртіп сақшылары тұрақты түрде қонақүйлер мен жалға берілетін пәтерлерді тексеріп тұрады.

Жынойнақ жасаған пәтер қожайындары ҚР ӘқбК 450-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Жергілікті полиция қызметінің көмегімен аталған баппен 121 адам, жігіттерге жөнсіз жабысқан 313 бойжеткен жауапқа тартылған», – деді подполковник Қоқамбеков.