Медеу мен Шымбұлақ арасын жалғайтын көпір пайдалануға беріледі

19.11.2018 22:16

Келер аптада Медеу мен Шымбұлақты жалғайтын көпір пайдалануға беріледі. Негізі, 1982 жылы қаланған аспалы жол тау-шаңғы курортына баратын көліктерді өткізіп келген. Бірақ 2015 жылы оны апатты деп танып, күрделі жөндеуге жапқан.

Жаңа көпір пайдалануға берілсе, уақытша салынғаны сүріледі. Жауаптылар оны туристік нысанның жұмысы тоқтамас үшін уақытша қойған. Аспалы жол арқылы Шымбұлақ курортын сумен, жылумен қамтамасыз етіп отырған инженерлік желілер де қоса жасалыпты.  

«Бүгінгі күнде күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Көпірдің жалпы ұзындығы 60 метрді құрайды. Оның ені 8 метр. Қос бағытта көлік қозғалысы толығымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жүргіншілер жолымен қамтамасыз етілген», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ернұр ӘБЖАХАН.

Келер апта мамандар аталмыш көпірді сынақтан өткізіп көрмек. 60 тонна салмақты көтере алса, пайдалануға беріледі. Алдымен көпір үстімен бір мезетте бірнеше жүк көлігін өткізеді екен.  

«Жұмыстар өткен жылы желтоқсанда басталған болатын. Құрылыс аяқталғанша «Шымбұлақ» курортының жұмысын тоқтатпас үшін уақытша көпірді салдық. Оны да пайдалануға бермес үшін сынақтан өткізіп, тексеріп көрдік. Бірақ жаңа аспалы жол пайдалануға берілген соң, оны сүреміз», – деді мердігер компания директорының орынбасары Мейрам ХАМИТ.