Астанада сәбилерге арналған арбаларды ұрлаумен айналысқан қыз ұсталды

09.10.2018 17:14

Астанада сәбилерге арналған бесік арбаларын ұрлаумен айналысқан 24 жастағы қыз ұсталды, деп хабарлайды inform.kz.

«Ұйымдасқан іздеу шаралары барысында қала аумағында бесік арбаларын ұрлады деген күдікпен 24 жастағы қыз ұсталды. Ол қалалық емханаларда аналардың арбаларды дәлізге қараусыз қалдырған сәтін күтіп, сол мезетте өз ойын іске асырып отырған. Ұсталған азаматшаның осындай 4 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды», - делінген хабарламада.

Айта кетерлік жәйт, күдікті тек қымбат тұратын арбаларды ұрлап, олардың өзінің достары мен таныстарына сыйлайтын болған. Күдікті өз қылмыстарын толығымен мойындады, ұрланған арбалар өз иелеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қылмыскердің қала аумағында осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Астана қалалық Ішкі істер департаменті айыпталушының құқық бұзушылық әрекеттерінен зардап шеккен тұрғындардан Ақбұға 2 мекен-жайында орналасқан «Сарыарқа» аудандық ІІБ-на хабарласуларын немесе көрсетілген нөмірлерге: 8 (7172) 71-66-76, 71-66-74 не 102 қоңырау шалуларын сұрайды.