Астаналық келіншек күйеуінің жұмыс орнына бомба «қойды»

Астаналық келіншек күйеуінің жұмыс орнына бомба «қойды»
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада 38 жастағы келіншек күйеуінің жұмыс орнына бомба қойылғандығы туралы жалған хабар беріп, шұғыл қызметтерді аяқтарынан тік тұрғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәлім болғандай, Астана ІІД-нің жедел басқару орталығына қаладағы бизнес-орталықтардың бірінің күзетшісінен хабар түскен. Оның жұмыс телефонына белгісіз әйел қоңырау шалып, ғимараттың үшінші қабатына бомба қойылғанын айтқан.  

«Оқиға орнына жедел қызметтер, «Байқоңыр» аудандық ІІБ жедел-тергеу тобы, жол полициясының қызметкерлері, кинологиялық қызмет, Астана ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасы, ТЖД өкілдері дереу жетті. Жарылғыш заттың бар-жоғын анықтау үшін мамандар бизнес-орталық ғимараты мен оның айналасын тексеріп шықты. Оның нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ. Ғимараттан 7 адам эвакуацияланды», - деп ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Іздестіру жұмыстарынан кейін бомба туралы жалған хабар берген Астана тұрғыны қолға түсті. Ол күзетшінің әйелі болып шықты.  

«1970 жылы туған күдікті сол ғимаратта жұмыс істейтін күзетшінің әйелі. Күйеуінің жұмыс кестесі мен оған сыйластықпен қарамайтын ұжымы ұнамаған. Әйел оларды осындай әдіспен жазалағысы келген. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес (Терроризм актісі туралы қасақана жалған хабар беру) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - делінген хабарламада.  

Қылмыстық кодекстің бұл бабы ауыр санатқа жатады және айыптылар бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Полиция қызметкерлері күдікті тұлға ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкіндігін еске салады. Одан бөлек, қылмыстың бұл түрі қоғамдық резонанс тудырып, аса ауқымды күш пен қаражат талап ететін ауыр санатқа жатады. 2018 жылы Астанада «телефон терроризмі» бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды, 2017 жылы - 4 қылмыстық іс», - дейді қалалық  ІІД-ден.


Новости партнеров