Ақордада елтаңбаның жаңартылған нұсқасы орнатылды

07.11.2018 17:54

Қазақстан Президентінің резиденциясы Ақордада Qazaqstan сөзі жазылған мемлекеттік елтаңба пайда болды, деп хабарлайды Strategy2050.kz.

Сондай-ақ, елтаңбаның жаңартылған нұсқасы Мәжіліс, Сенат және Қазақстан үкіметінің ғимараттарында пайда болды.



Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 12 қыркүйегінде Ғылыми техникалық комиссияның отырысы өтіп, мемлекеттік Елтаңбаға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған болатын.

Елтаңбадағы «Қазақстан» сөзі латын қарпінде QAZAQSTAN болып өзгертілді. Бұл Елтаңбаға енгізілген алғашқы өзгеріс емес. Бұдан бұрын 2017 жылы пантон түсі халықаралық Lab түс гаммасына ауыстырылған еді.

Өзгерістер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын қаріпіне көшіру туралы» Жарлығына сәйкес жасақталды.

Еліміздің Елтаңбасы, әмбеге аян, 1992 жылы қабылданды. Авторлары – Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уалиханов.