Алматыда меңгерушісі туберкулезге шалдыққан балабақша карантинге жабылмайды

26.10.2018 22:10

Алматыда мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі туберкулез ауруының ашық түріне шалдыққан болып шықты.

Қауіпті дерт №144 бөбекжайдың басқарушысынан анықталған. Меңгеруші осы уақытқа дейін өзінің өкпе дертін жұқтырғанын білмеген көрінеді. Ал күні кеше жергілікті билік өкілдері ата-аналарды жинап, жағымсыз жаңалықты жеткізген. Мұны естігендердің төбесінен жай түскендей болыпты.

Қазір науқастың үйі мен балабақшада індетке қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. Меңгерушімен бірге қызмет еткен әріптестері мен 142 бала түгел дәрігерлердің бақылауына алынды. Олар міндетті түрде рентген тексеруінен өтеді. Дегенмен, ауыр жұқпа шыққан мекеме карантинге жабылмайтын болды. Балалар күндегідей топтарда отыр. Тек аты жаман аурудан қорыққан ата-аналар балаларын балабақшаға жіберіп жатқан жоқ.  

«19 қазан күні осы балабақшаның басшысы өзі тексеруден өткен. Сөйтіп, ол кісі туберкулезбен ауырғанын өзі бізге хабарлап айтты. Одан кейін өзі келіп, арыз жазып, өз еркімен жұмыстан босады. Ол кісіде туберкулездің ашық түрі ме, жабық формасы ма деген мәселе бойынша апта бойына тексеру жүргізілді. Тек алдыңғы күні ғана сағат 19.00 шамасында бізге ол кісінің аурудың ашық формасына шалдыққаны туралы хабарлап айтты», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан ҚАЙРАТҰЛЫ.