Атаулы әлеуметтік көмек бұдан былай кімдерге төленеді?

30.10.2018 20:07

Атаулы жәрдемақы 2018 жылдан бастап азаматтың жалақысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызына жетпеген жағдайда төленеді.

Бұған дейін мемлекет азаматтың айлық табысы күнкөріс деңгейінің 40 пайызына жетпегенде осы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған. Қазір Алматы қаласы бойынша, 500-ге жуық отбасы немесе 2 241 адам осы көмекті алып отыр. Бұл мақсатта мемлекет қазынасынан 10 миллион теңге қарастырылған.  

«Алматы қаласы бойынша күнкөріс деңгейі бүгінгі күні 31 мың теңгеден асады. Бір айда сол 31 мың теңгеге күн көреді деген сөз. Кедейлік шегі соның елу пайызы. Яғни, бүгінгі күнге 15 919 теңге деп айтып өттім. Сол сомадан аспаған жағдайда атаулы әлеуметтік көмекті ала алады», – деді Алматы қаласы Әуезов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің директоры Зәуре ӘБІЛДАЕВА.