Түнгі клуб алдында көлік қағып, комаға түскен әйел көз жұмды

26.09.2018 20:30

Петропавлдағы түнгі клуб алдында иномарка қағып, 11 күн комада жатқан 25 жастағы келіншек көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Lexus әйелді 15 қыркүйек күні Петропавлдағы «Ударник» ойын-сауық орталығының маңында қақты. Автомобиль жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқандарды асқан жылдамдықпен келіп қаққан.

Осыдан кейін 25 жастағы Ксения облыстық ауруханаға жатқызылды. Оның бас миы мен ішкі ағзасы жарақаттанып, қабырғалары сынған еді. Бірден ота жасалып, жансақтау бөлімінде ауыр халде жатты. Комаға түскеннен кейін есін жимады.

Күні кеше жергілікті тұрғындар Ксения үшін қан тапсырды. Алайда әйел бүгін таңертең ауруханада жатып қайтыс болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қайғылы жағдайды растады.

«Иә, әйел таңертең көз жұмды», — деді ведомство баспасөз қызметіндегілер.

Ксенияның артында екі жасар қызы қалды. Бірнеше жарақаты бар екінші әйел №3 қалалық ауруханада жатыр. Науқастың жағдайы тұрақты. Ал қайғылы жағдайға себепші азамат әлі күнге дейін қашып жүр. Қалалық соттың ақпараты бойынша, 15 қыркүйек күні 4 сағат 24 минутта 26 жастағы Илья Старухин мас күйінде жол ережесін бұзып, екі әйелді қағып кетті.

Ол қайғылы жағдай болған жерден қашып кеткен және қазіргі сәтте жасырынып жүр.

Жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды: ҚР ҚК 345-бап, 2-бөлігі бойынша ("Жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян әкелу немесе адам өліміне әкеліп соққан көлік құралдарын пайдалану") және ҚР ҚК 347-бабы бойынша ("Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу").Екі іс бойынша да қылмыскер екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Іс материалдарында күдіктінің 15 қыркүйек сағат 06.19 кезінде Қазақстаннан Ресейге жаяу өткені жазылған. Ол осыдан кейін мемлекет территориясына қайтып кірмеген.