1,5 млн қазақстандық латын әліпбиінде диктант жазды

14.11.2018 21:36

Бүгін бір жарым миллион қазақстандық алғаш рет латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиі негізінде жалпыхалықтық диктант жазды.

Бұл шараға Алматыдан 120 мың адам қатысты. Диктант бір уақытта, таңертеңгі сағат 11:00-де басталды. Мәтін бас-аяғы 90 сөзді құрады. Ұзақтығы 30 минутқа созылған диктант республика бойынша қалалардағы оқу орындары мен арнайы бекітілген орындарда өтті. Шараға этномәдени бірлестіктер өкілдері, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер және дәрігерлер қауымы қатысты.  

«Латын негізінде жасалған жаңа қазақ әліпбиімен халықты таныстыру, оның қаншалықты жазуға ыңғайлы, қолайлы екенін жазып көріп, бір байқап-бағамдау мақсат болды. Сонымен қатар, жаңа емле ережесі жасалған. Өзгермейтін ешнәрсе жоқ. Жылдар өте келе, жаза келе мүмкін, кейбір әріптерді, кейбір таңбаларды өзгертуге деген қажеттілік туып жатса, өзгеруі де ықтимал деген пікірді ғалымдар айтып отыр», – Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт ҚАЛЫМБЕТ.

Диктантты әркім өзі арнайы белгіленген өлшемшарт негізінде тексеріп, баға қойды. Кейін жұмыстар Тілдерді дамыту басқармасы жанынан құрылған жұмыс топтарына тапсырылды. Мамандар сол жазбаларды ғалымдармен бірге талдап, әліпбидің икемділігін тексермек.

Еске сала кетейік, қазақтың жаңа әліпбиін Елбасы 2017 жылы бекітті. Соңғы қабылданған нұсқада 32 әріп бар.  

Жалпыхалықтық диктант жазуға қатысушылардың бірі: «Игі бастама деп ойлаймын. Қиынға түскен жоқ. Әрине, біріншісінде кішкене ойланатын кездер болды. Дегенмен, түк қиын емес. Жалпы ұлт болып, жалпы халық болып, негізі дамуға, «Рухани жаңғыруға» дайынбыз» десе, енді бірі: «Қазіргі уақытта латын қарпі бәріне таныс. Бұл жерде өзгерген ештеңе жоқ, тек орыс тілінен енген және алынған сөздер, сондай-ақ, өзіміздің төл дыбыстарымыз, төл әріптеріміз бар, солардың жазылуына аздап өзгерістер енген. Ал жалпы, өзіме қиындық тудырған жоқ», дейді.