Байқоңырда жүктіліктің мерзімін дұрыс қоймаған дәрігер 2 жылға сотталды

29.11.2018 20:40


Байқоңырда акушер-гинеколог жаңа туған сәбидің өлімі үшін 2 жылға сотталды. Дәрігер жүктіліктің мерзімін дұрыс белгілемеген, деп хабарлайды Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметі.

Іс материалдарына қарағанда, сотталушы жүкті әйелге акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету кезінде кәсіби және қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамай, салдарынан жаңа туған сәби қайтыс болған.

Сарапшылардың айтуынша, дәрігер жүктіліктің мерзімін дұрыс белгілемеген – 38-39-апта деп белгілеген. Байқоңырлық мамандардың қорытындысы бойынша жүктіліктің мерзімі 40-41 апта деп көрсетілген. Ал Қызылордадағы сарапшылардың қорытындысы – 40 апта 3 күн деп белгіленген.

Осыған байланысты сот гинекологты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің минимал деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өтесін деген шешім шығарды.