4 мың теңгемен қалай ұлттық компания инвесторы атануға болады?

4 мың теңгемен қалай ұлттық компания инвесторы атануға болады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ұлттық компаниялардың үлескері боламын деушілердің қатары артуда. Мәселен, Астана халықаралық биржасының екі апталық жұмысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының 1,5 миллиард теңгені құрайтын акциясы саудаланған. Сарапшылар жеке инвесторлардың әлі де көбейетінін болжап отыр. Ал бір айдан кейін аукционға құнды қағаздарын «Қазмұнайгаз» бен «Эйр Астана» компаниялары шығармақ.

Мұнда нью-йорктік Уолл-Стриттағы сияқты у-шу мен қызу сауда жоқ. Астана халықаралық биржасындағы жағдай тым-тырыс. Бір қарағанда, дәл осындай пікір қалыптасады. Бірақ шындығында, виртуалды кеңістікте аукциондағы сауда үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Оның жұмысы күнделікті сағат 11.30-дан бастап, кешкі 17:00-ге дейін жалғасады.

«Өткен екі аптада болған көлемге көңіліміз толып отыр. 1,5 миллиард теңгенің акциялары мен депозитарлық қолхаттары саудаланды. Менің ойымша, өте жақсы көрсеткіш. Елбасымыз атап өткендей, келер жылы «Самұрық-Қазына» тобына кіретін «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз» сияқты бірнеше элементті күтудеміз. Бұл жеке инвесторларды көптеп тартатынына сеніміміз мол», – деді АХҚО биржасының қаржы директоры Ренат БЕКТҰРОВ.  

Белгілі болғаны, қазір ұлттық компания акционерлері боламын деушілердің қатары көбейген. Олардың саны 2 мыңнан асып жығылады. Бүгінге дейін 1400 жеке мәміле жасалыпты.

Бүгінде инвестор болудың еш қиындығы жоқ. Бар болғаны, қалтаңызда 4 мың теңгеңіз болуы қажет. Содан соң брокерлік компанияда тіркеліп, шот ашасыз. Ал құнды қағаздарды сатып алып, сауданың барысын АІХ сайтына кіріп, онлайн режимде бақылауға болады. Бұл – Астана халықаралық қаржы орталығының базасындағы биржа. Қазір онда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы акцияларын қызу сатып жатыр.  

Әлеуетті инвестор жаһандық депозитарлық қолхаттарды доллармен немесе акцияларды теңгемен сатып алуға құқылы. Бұл үшін әлбетте, өзінің брокерлік компаниясын ескертуі тиіс. Бұдан бөлек, алдын ала ықтимал қауіп-қатерлерді де бағалап алғаны абзал дейді мамандар.  

«Инвесторлардың сауаты артуда. Олар халықаралық компанияларға қызығушылық білдіріп жатыр. Жай ғана акция, облигация емес, халықаралық кәсіпорындардың өндірістік тетіктерін сатып алуда», – деді брокерлік компания филиалының жетекшісі Динара АСАМБАЕВА.  

Бүгінде елордалық биржада 10 қазақстандық және 1 қытайлық брокер жұмыс істейді. Шетелдік кәсіби делдардарды тарту бойынша жұмыстар әлі де атқарылып жатыр. Мәселен, Астана халықаралық биржасында жақын болашақта еуропалық, гонконгтық брокерлер жұмыс істейтін болады. Осының арқасында шетелдік азаматтар үшін де осындағы сауда-саттыққа қатысуға бар мүмкіндіктер жасалмақ.

Үлескер болған және болғысы келіп жүрген азаматтарды сөзге тартқанымызда,

«Үлескер болған, әрине, адамға пайдалы. Бірақ меніңше, акцияларды елдің бәріне бірдей сатып жатқан жоқ. Еркін сатылым жоқ» десе, енді бірі: «Халыққа көп пайдасы бар деп есептеймін. Өзім де үлескер болушы едім, бірақ дәл қазір жағдайым жоқ, құя алмаймын» деп, өз пікірлерімен бөлісті.

Келер жылдан бастап елордалық биржа ЭКСПО павильонының аумағында орналаспақ. Мамандардың сөзіңше, жаңа ғимарат ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өзге де әлемдік нарықтармен тиімді жұмысты қамтамасыз етуге жол ашатын технологиялық инфрақұрылыммен жабдықталмақ.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров