Алматыда теңгенің 25 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды

08.11.2018 23:15

Алматы музейінде «Төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі» атты көрме ұйымдастырылды. Мұнда әр ғасырларда қолданылған көне ақшалар қойылған. Шараның мақсаты ұлттық валютаның ең алғашқы үлгілерінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму жолдарын көрсету. 

Көрмеде Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің қалыптасуы мен нығаюының 25 жылдық тарихын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік беретін кең ауқымды мұрағаттық құжаттар, фото- және бейнематериалдар ұсынылған. Олардың қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағатынан алынған бірегей жұмыс жазбалары да бар. Одан бөлек, Мемлекет басшысы шығарған жарлықтар қойылған.

Сондай-ақ теңге мен тиындардың алғашқы үлгілерінен бастап, қазақстандық валютаға дүниежүзілік даңқ пен халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын берген инвестициялық және коллекциялық монеталарға дейінгі қазақстандық нумизматиканың толық топтамасын көруге болады.

«Алғашқы рет жұртшылық назарына Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасының пайда болуы мен қалыптасуы жөнінде сипаттайтын бірегей архивтік материалдар ұсынылған. Олардың ішінде шаралармен ұлттық валютаның енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, телеарнада сөйлеген сөздері, үндеулері халыққа арналған. Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырыстарының хаттамалары мен шешімдері және т.б. құнды құжаттары көрсетілген», – деді Қазақстан Республикасы Президенті архивінің Мұрағаттық технологиялар басқармасының басшысы Бахытхан ШАЙЛАЗЫМОВ.

1993 жылы елімізде бірінші рет ұлттық валюта айналымға жіберілді. Содан бері 15 қараша – қазақстандық қаржыгерлердің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері пайдаланылды. Мысалы, 1 теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгелікте Сүйінбай, 50 теңгелікте Әбілқайыр хан, 100 теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

«Басында 4 адам кіріскенбіз. Бәріне өзім басшылық еттім. Содан соң теңгелеріміздің эскизін жасап, банкке барып көрсетіп кету керек болған. Теңге жағын мен алып кеттім да, монета жағын басқа адам алып кетті. Барлығына жалғыз жүгіре алмадым. Германия, Испанияға бардым, екі жаққа үлгере алмадым. Содан соң мен теңгені алдым да, күндіз-түні еңбектенуге кірістік», – деп еске алады теңгенің авторы Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ.

Көрмеде әр ғасырларда қолданылған көне ақшалар қойылған. Соның бірі – әлем бойынша жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған, Шыңғыс ханның атымен Самарқандта соғылған алтын динар. Ол типологиялық тұрғыдан алғанда әлемдегі жалғыз ақша дейді ұйымдастырушылар. Бұдан басқа, «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы, Отырар қорық-музейі қорында сақталған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

«Жалпы, әлемде Шыңғыс хан атымен соғылған ақша түрлері кездеседі. Бірақ Самарқан ақша сарайында соғылған Шыңғыс хан атымен соғылған ақшалар алтын динарлар. Әлемде екі данасы ғана белгілі. Оның екеуі де мемлекеттік Эрмитаж бар ғой Санкт-Петербургтағы сол жерде сақтаулы. Олардың типологиялық ерекшелігі бұл ақшадан ерекше. Сондықтан бұл ақша қазіргі таңда жалғыз ақша ретінде қарастырып отырмыз», – деді «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Толқын ЖОЛДАСОВ.

«Төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі» көрмесі Алматы музейінде ұйымдастырылып отыр. Ол бір айға дейін жалғасатын болады. Ал келіп тамашалаймын дегендер үшін есік әрдайым ашық.


Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы