Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын Рустамбек Бегметов адам ішіне кіріп кеткен жынды шығарады. Жиырма жылдан астам уақыттан бері талай жанға жаңа өмір сыйлап, дұрыс жолға түсуіне ықпал еткен, деп хабарлайды Sputnik.
Жын адамға қандай жағдайда кіреді?
62 жастағы Рустамбек Бегметов бұл қасиет ата-бабадан дарыды дейді. Атасы мен әкесі дін жолын ұстанған, талай адамға дем салған молда болған. Өзі де солардың жолын қуады. Бес уақыт намазын қаза етпей, бүгінде жын шығарушы қария атанып отыр.
«Бұл қасиет маған бабаларымнан келген. Мен өмірімде темекі тартып не ішімдік ішіп көрген адам емеспін. Талай қызметтерді атқардым, соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері осы істі қолға алдым. Бәрі Алла тағаланың арқасында, ал мен тек себепші ғанамын», — деп әңгімесін бастаған қария адамға жын қандай жағдайда кіретінін де айтып берді.
«Әртүрлі… Көп жағдайда адамның ішкі жан дүниесіне байланысты. Көп жағдайда теріс жолда жүрген жандарға жын құмар болады. Теріс жол дегеніміз қандай жол? Мәселен, арақ ішіп, есірткі қолдану. Өзін таза ұстамау… Күнә жасау, харам әрекеттерге бару… Айта берсем, себебі көп. Одан өзге жын адам қатты қуанып не шошынған жағдайда оның бойын пана етіп алады. Тағы бір айта кетерлігі, қазір сиқырдың күшімен де жынданып жататындар баршылық. Яғни, өзге бір жан келесі біріне қара дуа жасайды», — дейді ақсақал.
Рустамбек Бегметов ондай жағдайларға талай рет куә болыпты. Дуа жасалынған адам төсек тартып, қатты сырқаттанып қалатын көрінеді.
«Бес жастағы бүлдіршінді жыннан аман алып қалдық»
«Жоғарыда атап өткенімдей, жынның түрі әртүрлі. Олар кейде бір рет дұға оқығаннан соң шығып кетуі мүмкін. Ал кейде айлап, тіпті бір жылға жуық уақыт оқып, әрең дегенге сыртқа шыққан жағдай болған. Бәрі де адамның өзіне байланысты. Егер ол бір рет тазарған соң қайтадан теріс әрекетін тоқтатпаса, жын қайта оны пана етуі мүмкін», — деген Рустамбек қария жынды Құран сүрелерін оқып шығаратынын айтты.
«Әр сүренің түрлі дертке емі болады. Соның ішінде мен көп жағдайда «Бақара» сүресін оқимын. Тағы да қайталап айтамын, мен керемет күш иесі емеспін. Бәрі де Алланың арқасында», - деді ол.
Рустамбек Бегметов бұрындары өзінен сұхбат алушыларға дем салу кезін фото, видеоға түсіруіне рұқсат беріп келіпті. Тек соңғы кездері ем алушылар тарапынан реніш түсе бастаған соң тек сұхбат қана беріп жүрмін дейді.
«Емделіп, дұрыс жолға түскендердің кейбірі «Туысымыз, жақынымыз бар. Танып қойып жатыр. Айтпай-ақ қойыңызшы» деп өтініш айтады. Мен үшін адамның жыннан аман болуы маңызды», деген ол жыннан айыққан адамдардың оқиғаларын айтуға алғашында үзілді-кесілді қарсы болды. Дегенмен сұхбат соңында, бірді-екілі оқиғаны айтып беруге келісімін берді.
«Бәрі де жақсы оқиғалар емес қой. Жынмен күресер кезде небір жайттар болады. Осы жақында Ленгір деген қаладан 4-5 жастағы бүлдіршінді туыстары алып келді. Ол қызды оқи бастағанымда ішіндегі жынның ашуға булыққаны соншалық, қатты қарсылық танытты. Ірі денелі, мықты деген спортшылар әлгі қыздың қол-аяғын ұстап тұрды. Ішіндегі жын көнер емес, оларға қарсылық танытып, жігіттердің бірін ұшырып түсірді. Айтса, адам сенгісіз. Бірақ, сол жағдай көз алдымызда болды. Сүрелерді оқып, жынды әрең шығардық. Кейіннен белгілі болды, қаршадай ғана қызға жын бұрын тұрған үйінен кірген екен. Ол үй таза болмаған, ішінде небір алай-дүлей оқиғалар болған көрінеді», - деді Рустамбек Бегметов.
Тағы бір оқиға, қара дуаның күшімен жасалынған екен. Осыдан біраз жыл бұрын әжептеуір қызметтегі бір ер кісі қариядан көмек сұрап келіпті. Қатты науқастанып, төсек тартып қалған ер азаматты емдеу оңай болмайды дейді ол. Кейін белгілі болғандай, оның жолын кесу үшін танысы қара дуа жасапты. Сүре оқығанда ер кісі шылқылдап терлеп, қатты қиналыпты. Бірнеше оқыған сүренің арқасында оның бойын паналаған жын сыртқа шығады. Осы ретте Рустамбек Бегметов қандай жағдай болмасын, дуа жасаған адам жазасыз қалмайды дегенді алған тартты. Ондайларға Алла тағала ең қатаң жаза қолданады деп сөзін түйді жын шығарушы.