Алматыдағы М. Ганди атындағы саябақта 3 түрлі алаң пайда болмақ

07.11.2018 21:25

Алматыда тағы бір саябақ ағымдағы жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, демалыс орнында балаларға және спортқа арналған қос алаң, иттерді қыдыртатын бөлек жер қарастырылмақ. Жергілікті әкімдік саябақты жөндемес бұрын халықтың талап-тілегін ескерген. Бірлесе шешкен жұмыстың нәтижесі қандай болады?

Алматыда ХХ ғасырдың ұлы саясаткері Махатма Ганди атындағы саябақ осыдан 5 жыл бұрын жөндеуден өткен. Халықтың сүйікті демалыс орнын одан сайын жақсарту мақсатында биыл тағы да қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Айналасы бір айдың ішінде мұнда 9 мыңнан аса шаршы метр жол тегістеліп, 8 мыңға жуық жерге газон егіледі. Жасыл желекті суару жүйесі жаңаланады.

Саябаққа жиі келетін тұрғындар да жөндеу жұмыстарының қолға алынып жатқанына разы. Мысалы, біз сөзге тартқан тұрғын: «Бұл жерде 21 жылдан бері тұрамыз. Саябақ күннен күнге жақсарып келе жатыр. Бұрын бұл жерде ештеңе болмаған еді, біртіндеп жақсара бастады. Биыл тіпті жақсарып келеді», десе, тағы бірі: «Бұл жерде адам көп келеді, спортпен айналысатындар да жетерлік. Демалып келушілер де, балаларын ойнату үшін келетіндер де көп. Бәрі қуанып қалатын болды», – деп қуанышты көңіл күйлерімен бөлісті.

Саябақта түнгі уақытта қыдыру барынша қауіпсіз болуы үшін қосымша 180 жарық шамы орнатылады. Балалар ойнайтын алаңқай және жаттығуға арналған алаң салынады. Сондай-ақ, арнайы ит қыдыртатын 120 шаршы метрлік орын да жасалады.

«Қазіргі таңда Махатма Ганди атындағы саябақта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан халқының сұрауымен, иттерді қыдыртатын орын қарастырдық. Енді үй жануарлары арнайы бөлінген аумақта ғана жүреді. Ол жерде тиісті жағдайлар жасалады», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Әкімхан ТӨЛЕГЕН.

Мамандар саябақты қайта жөндеу кезінде 720 ағашты санитарлық қырқудан өткізген. Тағы 20-дан астам қылқанжапырақты тал егуді жоспарлап отыр. Саябақты жөндеуге 50 шақты жұмысшы атсалысуда.

«Кішкентай балалар ойнайтын алаңдардың бәрін бір жерге ыңғайлы етіп топтастырып жатырмыз. Спорт алаңымыз бар. Спорттық бағдарлама бойынша салынған ескі алаңдағы құрылғылардың бәрі өз орнында тұр. Тек сынған, майысқан тұстарын жөндеп, қайтадан орнына қойып жатырмыз. 4 орындықты сәкілер қоямыз. Оларға екі жақтан отыруға ыңғайлы болады», – деді мердігер мекеменің директоры Еркебұлан АЙЫМБЕТОВ.

Үнемділік үшін мұндағы ескі бордюрлер қоқысқа тасталмайды. Қайта іске жарамды болғандықтан, дәл осы саябақтағы жолдарға төселмек. Сондай-ақ, мұндағы 60 шақты отырғыш жаңартылған соң, ескілері қажеттілікке қарай басқа жерлерге қойылады. Ал жөндеу жұмыстары қараша айының соңында аяқталады.


Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы