Елімізде бір аптада 32 адамнан бас пен мойын қатерлі ісігі анықталды

05.11.2018 22:55

Елімізде бас пен мойын қатерлі ісігі азаймай тұр. Обыр дертін ерте диагностикалау мақсатында өткен еуропалық апталықта 500 адам тексерілген. Олардың 32-інен онкологиялық ауру анықталыпты.

Аталмыш шара 4 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында қатерлі ісікті ерте анықтау 10 пайызға өскен. Бұл статистиканы азайту мақсатында отандық және Ресей онкологтары стоматолог және отоларинголог мамандарына бас және мойын қатерлі ісігін ерте анықтау әдістерін үйрету үшін шеберлік сабақтарын өткізді.  

«Мұндай көп пайыз барлық науқасты жаппай қарамағандықтан анықталып отыр, яғни біз тек қатерлі ісіктің белгілері бар ауруларды қарағандықтан сондай көп адамды таптық. Онкологиялық аурулармен ауырғандардың көбі ерте сатыда-ақ ем алса, тәп-тәуір емделіп шығады. Егер бас пен мойын ісіктері бірінші, екінші сатыда табылатын болса 90-95 пайызға жуығы толығымен емделіп шығады. Ешқандай мүгедектік алмай, тәуір болып кетеді», – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Дәурен ӘДІЛБАЙ.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында бас пен мойын қатерлі ісігіне шалдыққандарға жылына орта есеппен, 800-900 ота жасалады. Осы жылы отандық дәрігерлерге Үндістаннан келген мамандар реконструктивті хирургия бойынша тәжірибе алмасқан. Онкологиялық аурулар арасында көбінесе осы дертке шалдыққандар өз-өзіне қол жұмсайды екен.  

«Ауыз қуысы және визуалды көрінетін ісіктерді анықтасақ, бетте, ерінде және ауыз қуысында пайда болған ондай ісіктер ақ немесе қызыл дақ түрінде болуы мүмкін. Олардың бастапқыда басқа еш белгісі жоқ. Ауырмайды, еш симптомы болмайды. Тек дақ қаттылау болып келеді», – дейді Дәурен ӘДІЛБАЙ.