Латын әліпбиіндегі емле ережелерінің соңғы нұсқасы көктемде жарияланады

23.10.2018 21:41

Латын әліпбиіне негізделіп жазылған жаңа емле ережесінің жобасы дайын. Бірақ әлі де талқыланады. Латын графикасына негізделген әліпбидің емле ережелері нұсқасының соңғы үлгісі келер көктемде жарияланады. Тіл мамандары қазақ тілінің тазалығын сақтап әрі кірме сөздерді қазақыландыруда нақты қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен, зерттеушілер не дейді?  

Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің тазалығы үшін аса қажетті реформа. Осылай деген ғалымдар жаңа емле ережесінің жинағы жұртқа барынша ұғынықты болады деп есепейді. 9 тараудан тұратын емле ережесінің ең басты жаңалығы-кірме сөздерге қатысты болмақ. Сондай-ақ, төл сөздер де өзгеріске ұшыруы ықтимал.

«Ё», «я», «ю» сияқты әріптер жаңа әліпбиде жоқ. Сондықтан олардың жазылуы қалай болады? Олар фонетикалық принцип бойынша, яғни айтылым заңдылығы бойынша жазылады. Мысалы «ё» әрпі «е» әрпіне алмастырылады. Мәселен, «ө» боп естілген жерде мысалы, «дирижер», «актер» деген сияқты сөздердегі «ө»-ге алмастырылады», – деді филология ғылымдарының кандидаты Нәзира ӘМІРЖАНОВА.

Жаңа әліпбиде жіңішкелік және жуандық белгісі жоқ. Мәселен, «субъект», «объект» деген сөздердегі жуандық белгісінің орына «и» әріпі жазылады. Ал «бронь» деген сөзге жалғау жалғанған кезде, жіңішкелік белгісі түсіп қалады. Нәтижесінде, брондау болып бірыңғай жуан болып жазылмақ.

«Жаңа емле ережесінде жіңішкелік белгісі жоқ. Сондықтан олардың жазылуына қатысты бірнеше баптар енгізілді. Жай ғана алып тастамаймыз. Оны игеру механизмдері болады. Мысалы, «ансамбль» деген сөз «әнсамбіл» боп жазылады», – деді Нәзира ӘМІРЖАНОВА.

Латын әліпбиіне көшу – кирилл қаріпімен жазылған қате сөздердің барлығын түзейді дейді мамандар. Тілдің бұзылған заңдылығын, сақталмаған сингармонизмді қайта ретке келтіруге мүмкіндік мол. Оған қоса латынша жазу кірме сөздердің қазақ тіліне ыңғайлы аударылуына сеп береді. Дәл осы тұста Кеңес үкіметінің сырттан кірген сөздерді қазақыландыруға тыйым салған саясатына жауап берер сәті енді келгендей. Екі тілде шұбарлап сөйлеуге еті үйреніп кеткен қоғамға жаңашылдық берері сөзсіз екенін алға тартады ғалымдар.

«Кірме сөздер елімізге көптеп кіреді. Бірақ кірген жағдайда, Ахаңның принципін сақтаумыз керек. Біріншіден, төл баламасы болса, пайдалануға тырысу керек.  Екіншіден, төл балама болмаса, оны өзіміз тудырып жасауымыз керек. Кезінде Ислам Жарылқапов ағамыз жасағандай, мысалы, «өркениент» дейміз. Түріктер «цивилизация» дейді. Ал өркен деген сөздей ойлап табуға боларлық мыңдаған сөз бар», – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден ҚАЖЫБЕК.

«Бір ғана «дистальді» деген сөзді медициналық сөздіктерде, біреуінде» дистальді» деп жіңішкелік белгісінен кейін «ді» жалғанған. Екінішісінде «л»-дан кейін «ді» жалғанған. Үшіншісінде, жіңішке белгісі алып тастасталынып, «дисталды»деп жазылған. Бір бетте 3 түрлі жазлып тұр. Орыс тілінде терминдердің бәрі латынша, бірақ орыс тілінің заңдылығымен дыбысталады. Мысалы, «нерв» деген сөз жоқ. Ол латынның «нервус» деген сөзі. Ал орыстар «нервные болезни» «нервоз» деп сөз жасап алады», – деді филология ғылымдарының кандидаты Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ.

Осындай талас-тартыс турдыратын әрбір сөзді сүзгіден өткізіп, бұқараға тәптіштеп түсіндіру үшін берілген 4 жыл жеткілікті дейді тіл мамандары. Бастысы, өзгенің шатасқаны бізді шалыс бастырмау керек. Мәселен, 1991 жылы латынға ауысқан әзербайжандықтар әу баста төл дыбыстарынан айырылып қалған. Кейіннен «ә», «ң», «қ» таңбасын қайта енгізуге тура келіпті. Өзбекстан да, латынға 1993 жылы көшкенімен, әліпбиді үш рет ауыстырса керек.  Тіпті әлі күнге дейін бұқараның кейбірі кирилл қаріпін пайдаланды екен. Түркі ағайындарының тек тәжиірбиесін кәдемізге жаратсақ та жеткілікті дейді филологтар.  


Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы