Алматы полицейлері өрт ішінде қалған адамды өлімнен арашалап алды

Алматы полицейлері өрт ішінде қалған адамды өлімнен арашалап алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық полицейлер жанып жатқан үйден адамды аман алып шықты. Төтенше жағдай бүгін Бостандық ауданындағы үшқабатты үйде болған.

Таңертең  тұтанған тілсіз жаудың иісін бірінші болып сезген тұрғындар дереу далаға жүгірген. Бірақ қызыл жалынға оранған нысанның шатырдағы қабатынан бір адам шығып үлгере алмай қалған. Өрт сөндірушілерден бұрын жеткен полицейлер оны өлімнен арашалап қалды. Ал өрт сөндірушілер отпен қанша алысқанымен, қызыл жалын үй шатырының 400 шаршы метрін жалмап, бірнеше пәтерге күлге айналдырған.

Алматының Алатау ықшамауданында орналасқан 3 қабатты бұл үйдің шатырынан  түтін ел тұра бастағанда тұтанған. Ыстың иісін сезген 20 шақты адам тек сырт киімдерін ғана алып, далаға  қашып шыққан. Аязда дірдектеген тұрғындар өрт шатырдан тұтанды дейді.

«Таңертең тұрып асүйге кіргенім сол еді, шатырдан будақтаған түтін шығып жатқанын байқадым. Көршілеріміз де сол кезде телефондағы чатта хабарлама жазып жатты. Бірден далаға жүгіріп шығып өрт сөндірушілердің келуін күттік. От үйдің мансардасынан тұтанды. Ол жерде адам тұрды ма, жоқ па нақты айта алмаймын», – деді Аман БОЛАТ.

Тілсіз жау үйдің мансарда қабатын әп сәтте күлге айналдырғанмен, от төменгі қабаттарға тарап үлгермеген. Сақшылар маңайды қоршауға алып, естері шыққан елді қауіпсіз жерге көшіріп жүргенде, жанып жатқан мансарда ішінде қол бұлғаған адамды байқайды. Лапылдаған қызыл жалыннан жасқанбаған полицейлер тағдыры қыл үстінде тұрған адамды өрттен алып шығуға кіріседі.

«Сатымен үшінші қабатқа дейін көтерілдік, шатырына бара алмайдық, ол жақта өрт болып жатты. Терезеден барып қарасақ, шатырда қалып қойған адам терезенің үстінде отыр екен. Ішінде кабель жатыр екен, соны кесіп алып, құлап қалмас үшін өзінің беліне байлатқыздық та, ол адамды терезеден бері қарай шығарып алдық. Дәрігерлер тексеріп, қауіпті ештеңе болмағанын айтты», – деді Алматы қаласы ПД жол-патрульдік полициясының қызметкері Жандос ДҮЙСЕНБЕКОВ.

Алапат өртті сөндіруге 70-тен астам адам мен 21 арнайы техника жұмылдырылды. Жалынды ауыздықтау үшін құтқарушылар тіпті, екі учаскеге бөлініп жұмыс жасады. Ал оқиға орнына келген аудан әкімі қақаған аязда далада қалған тұрғындарға көмек көрсетеміз деді. Таңнан түтінге оранған үйде 12 отбасы тұрып жатқаны белгілі болды.

400 шаршы метрден астам аумақты жалмап үлгерген қызыл жалынды ауыздықтауға бірнеше сағаттарын сарп еткен өрт сөндірушілер мұндағы пәтерлердің бәріне су шашып, айтарлықтай зақым келтірді. Соның кесірінен бұл үйдің тұрғындары енді бүгін-ертең баспаналарына кіре алмасы анық. Дегенмен, жергілікті билік өкілдері оларды қақаған аязда далада қалдырмауға сөз беріп отыр. Бүлінген үйлері қайта жөнделгенше, тұрғындардың барлығына уақытша тұратын орын берілмек.

«Бүгін бұл үйдің тұрғындары пәтерлеріне кіре алмайды. Өйткені, су кіреберіске дейін жайылып кетті. Оның үстіне баспананы ыстық су, газ және жылудан түгел ажыраттық. Қазір қарама-қарсы беттегі мектепте зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, ыстық тамақтарын береміз. Ал барар жерлері жоқ адамдарды уақытша тұратын орынмен қамтамасыз етеміз», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.

Бірнеше отбасын суық күнде сенделтіп қойған қызыл жалынның нақты неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Өрттің қайдан шыққаны арнайы сараптамадан соң анықталмақ.  

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров