Алматыдағы көпбалалы отбасыларға қайырымдылық қоры көмек көрсете бастады

07.11.2018 19:45

«Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» атты жобасы енді Алматыдағы көмекке зәру отбасыларға жәрдем беруге дайын. Бұған дейін Қарағанды, Көкшетау қаласында өз жұмысын бастаған қайырымдылық қоры әлеуметтік тұрмысы төмен жандарға жағдай жасамақ. Қайырымдылық жобадан қалай көмек алуға болады? Оны кімдер үлестіріп жатыр?  

Темірхановтар отбасы Алматыға осыдан 12 жыл бұрын Шымкент қаласынан көшіп келген. Содан бері тар үйде тіршілік етіп жатыр. Тіпті, аядай бөлмеге сыйыспаған соң тұңғыштарын таныстарының үйіне тұрғызуға мәжбүр болған. Оның үстіне, бүлдіршіндерді мектептегі сыныптастары да кемсітетін көрінеді.

«Осы жерде рухты болғым келеді», – дейді Сымбат ТЕМІРХАНОВА.

«Мен үлкен үйім болғанын қалаймын. Сыныптағы балалар мені мазақтайды. «Сен квартирада тұрасың» дейді. Мен өз үйім болғанын қалаймын. Мені барлығы арасына қоспайды, сыныптастарым кедейсің деп кемсітеді», – дейді көз жасына ерік берген жеткіншек Гүлназ СЕЙФУЛЛАЕВА.

Бұл отбасы осыған дейін көмек сұрап талай жердің табалдырығын тоздырыпты. Сегіз баланың тәрбиесімен жұмысқа шыға алмайтын ана жұбайының жалақысы тек пәтер жалдап тұруға ғана жетеді дейді. Тіпті, көп баламен жалға үй табудың өзі мұң екен. Осыдан бір апта бұрын «Ел үлесі пәтерге» жобасына барып жағдайын түсіндіріп, өтінішін қалдырған. 

«Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына, аталмыш зекет қорына рахмет айтқым келеді. Жәрдем сұрап барған едім. «Қолымыздан келгенше көмектемесіз, қарасамыз» деді. Міне, айтулы күні бірден келіп отыр. Алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді көпбалалы ана Гүлжамал СЕЙФУЛЛАЕВА.

2011 жылдан бастау алған жоба биыл Алматыда іске асырылуда. Осы уақытқа дейін еліміздің басқа өңірлерінде көпшіліктің көмегімен 5 отбасына пәтер кілтін табыстаса, қаламызда жыл басынан бастап 2 мың отбасын қаржымен, азық-түлік, киіммен қамтамасыз етіп үлгерген.

«Біз сондай отбасыларға барып, расымен мұқтаж ба, жоқ, тексеріп аламыз. Кейін азық- түліктей, киім кешектей көмек көрсетеміз, қыста көмір жағатын болса көмір, отынын алып береміз. Үй керек десе, үй де алып береміз. Үйі бітпей жатса, құрылыс материалдарын жеткізіп береміз. Жер телімін де алып береміз. Жалпы, қандай қайырымдылықтың түрі болатын болса, соның барлығын көрсетеміз», – деді ҚМДБ «Зекет» корпоративтік қорының үйлестіруші бас маманы Нұркен ДІЛМҰХАН.

Жобаның басты мақсаты – мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қордың қызметі ашық, айқын және түскен қаражат бойынша қайырымдылық көрсетушінің сұрауына орай кез келген уақытта жәрдем көрсетіледі.

Назерке Еркебай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы