«Үйдегі дәрігер»: Астанадағы көпқабатты үйлерде шағын емханалар ашылады

08.10.2018 22:28

Қазақстанда азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Астана алдыңғы қатарда тұр. Қала активінің қатысумен Президент Жолдауын талқылаған жиында елорда әкімі Бақыт Сұлтанов осылай деді.

Шаһар басшысының айтуынша, Елбасының бұл үндеуі елдегі медицина саласын одан ары жақсарта түсуге бағытталған аса маңызды мәселені қамтып отыр. Оны Президенттің ауылдық жерлерде медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуынан және алғашқы көмек көрсететін ақ халаттылар жалақысының келесі жылдан бастап 20 пайызға артатынынан білуге болады деді қала әкімі. 

«Жолдауды бәріңіз тыңдадыңыздар. Оның ішінде медицина саласы ерекше орын алған. Үндеуді біз қолдаймыз. Сондықтан алдағы уақытта Астанада «Үйдегі дәрігер» жобасын қолға алмақпыз. Бастама адамның өз пәтерінен алыстамай, бірден дәрігер қабылдауына кіруге мүмкіндік береді. Астанада осындай шағын аурухананың бесеуі пайда болады. Олар Жағалау, Салтанат аркасы, Айнакөл, Өндіріс көшелері мен Интернационал ауылында орналасады», – деді Астана қаласының әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Жолдауды талқылаған әкімдік активіне оқу орындарының студенттері мен жастар да қатысты. Олар да келесі жылдың жастарға арналуын үлкен мүмкінішілік деп біледі.  

«2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау өте орынды. Біздер, жастар, студенттер бұл ұсынысты қолдаймыз. Сол үшін өз қатарластарымызбен тығыз жұмыс істейміз. Олар да Президенттің бастамаларын насихаттауға зор үлес қосады деген сенімдемін», – дейді «Дипломатиялық альянс» клубының басшысы, студент Әдемі ЫБРАЕВА.